9.07.2022, 13:35
Оқылды: 39

Тәртіп. Қауіпсіздік. Тазалық.

Теректі ауданы Шалқар ауылдық округінің орталығы Сарыөмір ауылында жазғы маусымдағы қауіпсіздік шараларын ұйымдастыру бойынша семинар-кеңес өтті. Оған Теректі ауданы әкімі Тілек Габдушев қатысып, төрағалық етті.

шалкар сем

Ауылдағы мәдениет үйінде өткен кеңеске аудан басшысынан бөлек БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Светлана Темірғалиева, облыстық ТЖБ Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Нұралы Мүсиев, Теректі ауданының прокуроры Қуаныш Мустафин, аудандық санитарлық қадағалау басқармасының басшысы Ләйлә Ашықова, аудандық кіріс басқармасының басшысы Сұңғат Есенғалиев, Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Жарас Көпжасаров, ауылдық округ әкімдері, білім беру саласының өкілдері мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

шалкар сем1

Кеңестің күн тәртібіндегі басты мәселе – жаз кезінде көл жағасындағы қауіпсіздік шараларын күшейту. Расымен, жаз маусымы адамдардың демалып, ал су айдындары демалушыларға толатын кезең.

шалкари семин

Мәліметтерге сүйенсек, мамыражай маусым мен шіліңгір шілдеде Шалқар жағасында кейде күніне 3 мың адамға дейін демалады екен. Сонымен қатар, Сарыөмір ауылында Қаратөбе, Теректі және Ақжайық аудандарының балаларға арналған жазғы демалыс лагерлері орналасқан. Яғни, демалушылармен қоса балғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екі есе жауапкершілік жүктейді.

шалкар семина

Жыл басынан су айдындарында балалардың 3 суға кету фактісі тіркелген. Оқиға көршілес Бәйтерек, Ақжайық және Теректі ауданында болған. Күні кеше Шалқар көлінде болған қайғылы оқиға қауіпсіздік шараларына асқан жауапкершілікпен ден қою керектігін дәлелдеді.

- Тұрғындар мен балалардың қауіпсіздігі үнемі ерекше назарымызда. Ауылдық округ әкімдіктерінен бастап, төтенше жағдай, құқық қорғау органдары және басқа да аумақтық ұйымдармен бірлесіп, күнделікті алдын-алу жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Одан бөлек, жаз маусымында жағалауларда маусымдық кәсібін жандандыратын кәсіпкерлердің де жауапкершілігін күшейту қажет. Бизнес өкілдерін, қоғам белсенділері, волонтерлер мен БАҚ өкілдерін тарту арқылы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, балаларды қараусыз қалдырмау, демалыс сәтіндегі ережелерді орындау туралы түсінік жұмыстарын күшейту керек, -деді өз сөзінде аудан әкімі Тілек Александрұлы.

Кеңеске қатысушылар да өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды, сонымен қатар қауіпсіздік шараларын сақтамағандарды жауапкершілікке тарту, айыппұл салу жолдары, құтқару құралдарының санын көбейту арқылы сапасына көңіл бөлу секілді мәселелерді ортаға салды.

Шалқар көлі жағасының тазалығын сақтау да күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе. Оған сол жағада өз кәсібін дөңгелетіп, нәпақасын тауып отырған кәсіпкерлер де, облыстың маржанына айналған Шалқарға келген демалушылар да жауапты.

Кеңес аясында көл жағасын абаттандыру, әжетханалар орнату, қоқыс жәшіктерінің санын көбейту турасында да әңгіме өрбіді.

Шалқардың жағалауында демалыс орындарын жабдықтауды қолға алып, көлді жалға алған «Куксов.В» жеке кәсіпкерлігінің өкілі Мәрзия Нұрмағамбетова өз жоспарларымен бөлісіп, қауіпсіздік шараларын күшейту жұмыстарына қосқан үлесі есебінде көл жағасына бақылау мұнарасын орнатып беруге ниетті екендіктерін жеткізді.

Әділет Орынбасарұлы,
Теректі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале