Казталов ауданы тұрғындарының үніне құлақ түріп, көкейдегі сан сауалға жауап беріп, заңдардың орындалуы мен аудандағы құрылыс нысандарының жұмысымен танысу үшін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәлік Құлшар және облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева жұмыс сапарымен келді.
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жаңа Қазақстан» иедологиясы жүзеге асырылуда. Халық қалаулылары, облыс, аудан, ауыл әкімдері халықпен жиі кездесіп, жергілікті жердегі түйткілді мәселенің шешімі табылуына ықпал етуде.
Халық қалаулылары Сарықұдық, Жалпақтал, Қараөзен, Жұлдыз және Казталов ауылындағы білім нысандарының, ауылішілік жолдың құрылыс жұмыстарымен танысып, халықпен кездесті.
Депутаттардың жұмыс сапары үшінші жыл қатарынан құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан Сарықұдық негізгі жалпы білім беретін мектебінің құрылысымен танысудан басталды.
2016 жылдың 1 тамызында «Жайықстройинжиниринг» ЖШС апаттық деп таныған мектептің құрылыс жұмыстарына 2019 жылдың 16 ақпанында жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, «RealInvestStroi» ЖШС 60 орындық мектептің құрылысын бастаған болатын. Қазіргі уақытта 80 пайызға жұмысы аяқталған білім ордасының құрылысы биыл аяқталып, мердігер қыркүйекте аталған мектеп оқушыларға есігін айқара ашады деп сендірді.
Әйтсе де, халық қалаулылары білім ордасының құрылыс жұмысын сынға алып, заң бойынша жүйелі жұмыс жүргізуін және құрылыс сапасына назар аударуды талап етті.
Құрылыс жұмыстарының сапасы жөніндегі әңгіме «ЮгРемСтройСервис» ЖШС жүргізіп жатқан Ғ.Молдашев атындағы мектептің құрылысына да қатысты айтылды. 2021 жылдың 1 шілдесінде іргетасы қаланып бастаған нысан биыл тамыздың 5-де пайдалануға берілуі тиіс. Әйтсе де бұл мектептің де есігі айқара ашылар күн әлі алыс секілді.
Сондай-ақ мектептің құрылыс жұмысына жасалған жобалық-сметалық құжаттар мердігер мен тапсырыс берушінің келісімі нәтижесінде заңды өзгеріске ұшыраған. Депутаттар қандай да бір жұмыстың заңды түрде шешімін тауып, нысан уақытында пайдалануға берілсе нұр үстіне нұр екендігін атап өтті.
Парламент депутаттары Жалпақтал ауылындағы ауылішілік жолдарды қайта жаңғырту жұмыстарымен танысып, ауылдық округ әкімі аппаратында жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауыл тұрғындары ертеректе қосылған қос ауданды қайта бөлу, аудандық маңызы бар жолдарды күрделі жөндеу, Жалпақтал аграрлық және техникалық салалық колледжі жатақханасының күрделі жөндеу жұмысы, Қараөзен мектеп-лицейі мен жатақханасының қазіргі ахуалы, ішкі саясат мәселелері жөнінде сауалдарын қойды.
-Биыл Казталов және Жалпақтал аудандарының қосылғанына 25 жыл толып отыр. Қазіргі таңда өзіндік инфрақұрылымы дамыған, даму перспективасы бар ауыл тұрғындарының қалауы бұрынғы Жалпақтал ауданының қайта құрылып, оған қарасты ауылдар мен елді мекендерді қайтару. Ауылымыздың аудан орталығы болып құрылуына толық негіз бар. Біз бұл туралы Президентке, Үкіметке және Парламентке хат жазған болатынбыз. Осы мәселе шешімін тапса халық тілеуі орындалар еді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиұлы мен ҚР Мәжілісінің депутаты Мәлік Иманқұлұлының алдында да аталған мәселені көтердік. Шешімін табады деп сенеміз, - дейді ақсақал Кенжебай Үмбетов.
Жиында Нағым Ризуанов, Ғилым Едекешов, Болат Бекешов, Мағауия Сансызбайұлы, Ғалия Қабдолқызы сынды халық жанашырлары мен еңбек ардагерлері сауалдарын жолдап, тұшымды жауап алды.
Жалпақталдықтармен кездесуден соң сенатор мен мәжілісмен тұрғындардың сұрауы бойынша Қараөзен мектеп-лицейінің ахуалына қанық болды. Сонан соң Жұлдыз ауылына барып, 110 орындық А.Құсайынов атындағы мектептің жаңа ғимаратының құрылыс жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті. Мектеп құрылысы 2021 жылдың маусым айында басталғанымен қаржының аударылмауы, мердігердің жауапкершілігінің жоқтығынан, жұмысқа салғырттық танытуы салдарынан жүргізілген жұмыс кешеуілдеп, бөлінген қаржы мақсатты игерілмей отыр. Мәселенің жай-жапсарын ұғынған сенатор мердігер компания өкілдеріне әрбір істің, қаржының сұрауы бар екендігін еске салды.
- ҚР Парламентінде бірқатар маңызды заң қабылданды. Бұған дейінгі заңдардың да, бүгін қабылданған заңдардың да халқымыз үшін маңызы зор әрі ықпалы бар. Дегенмен көптеген аймақтағы жұмыс сапарымыз барысында байқағанымыз заңның орындалу деңгейі орта екендігін атап өткім келеді. Бұл заңды дұрыс түсінбеушіліктен туындап отыр. Ал бүгінгі таңда Казталов ауданының күн тәртібінен түспей отырған білім ордаларының құрылыс жұмысы мәселесіне тоқталар болсақ, әрбір құрылыс, әрбір қаржы бақылауда екендігін мердігерлердің назарына салғым келеді. Заңды ескермесе жаза да бар екендігін естен шығармаған жөн, - деді Нариман Төреғалиұлы.
Ал Казталов ауылындағы 600 орындық А.Оразбаева атындағы мектептің құрылысы да тұралап тұрғандығы халықты да, депутаттарды да алаңдатып отыр. Сенатор мен Мәжіліс депутаты өңірге жұмыс сапарлары барысында аталған мектептің құрылыс жұмыстарын назарға алғандығын, бүгін де мәселенің оң шешімін табуына ықпал ететіндіктерін жеткізді. Тұрғындар мектеп құрылысының сапасы мен балалардың болашағына алаңдаулы. Олар бұл аз болғандай Казталов мектеп-лицейінің де күрделі жөндеуден өтіп жатқандығы жыртыққа жамау болды дейді.
-А.Оразбаева атындағы мектептің құрылыс жұмыстары өткен жылдың желтоқсан айынан бері тұралап тұрғаны мәлім. Себебі бөлінген қаржы жеткіліксіздігі анықталып, қайта есептеліп, қаржы бөлінді. Шамамен 1 млрд.-тан астам қаржы шілде айының ортасында беріліп, айдың аяғында құрылыс жұмысы қайта жанданады деген сенімдеміз. Егер құрылыс қарқынды жүргізілсе жылдың аяғына дейін мектеп пайдалануға берілуі мүмкін, - деп жауап берді аудан әкімі Рүстем Мүлкайұлы.
Осы тұста облыстық мәслихат хатшысы Бибігүл Қонысбаева да білім ордалары құрылысының тұралап қалуына қатысты бірқатар мәселелерді түсіндіріп берді. Халық қалаулылары Казталов мектеп-лицейінің де жұмысымен танысты. Байқағанымыз барлық құрылыс алаңында техникалық қауіпсіздік сақталмаған. Жұмысшылардың арнайы киімдерінің жоқтығы депутаттардың сынына ілікті.
Халық қалаулылары жұмыс сапарының соңында аудандық орталық кітапханада Казталов ауылы тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде сенатор мен мәжілісмен Сенат және Мәжілісте атқарылып жатқан жұмыстармен және қабылданған заңдармен таныстырды. Мәлік Иманқұлұлы республикалық референдумда қабылданған өзгерістер жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек етті.
-Ең қарапайымы Парламент Мәжілісінің «AMANAT» партиясы фракциясының және «AMANAT» партиясының орталық аппараты жанынан «Жер аманаты» арнайы комиссиясы құрылды. Комиссияның ықпалымен бүгіннің өзінде Қарағанды, Түркістан, Ақтөбе облыстарында бірнеше гектар жер мемлекет иелігіне қайтарылды. Біздің Батыс Қазақстан облысы бойынша комиссия ықпалымен Жаңақала ауданынан 21 мың гектар жерді мемлекетке қайтару жұмысы жүргізілді. Комиссияның мақсаты неде деген сауал туындайды. Мәселен, бір жерде жайылым жетпейді, бір жерде шаруа қожалықтарының жерлері игерілмей жатады. Осының барлығы заң жүзінде, құжаттамалар негізінде қос тараптың қатысуымен жүзеге асырылады. Мәжілісте қаралған тағы бір мәселенің бірі – шетелге заңсыз шығарылған қаражатты қайтару. Бұл турасында референдум өтетін күні Президенттің жарлығымен, еліміздің бас прокурорының төрағалығымен ведомствоаралық комиссия құрылып, қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Комиссия тек шетелдегі үлестерімізді ғана емес, кезінде мемлекет қаржысын жымқырған ірі компаниялардың да ел қазынасына тиесілі қаржысын қайтаруға күш салуда. Сонымен қатар Жаңа Қазақстан идеологиясының аясында Президенттің бастамасымен «Ұлттық құрылтай» құрылып, мүшелері анықталды. ҚР Парламенті Мәжілісінде үш фракция бар. Соның ішінде «AMANAT» партиясының фракциясы ІІ сессия кезінде 26 заңға бастамашы болса, оның 12-іне Президентіміз қол қойды. Қалған заңдар Мемлекет басшысының қарауында, - деді Мәлік Құлшар.
Казталовтықтар депутаттарға «Жайылым туралы» заң, құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуі, кейбір заңдарға өзгерістер енгізу және жастар мәселелері жөнінде сауалдарын жолдады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы және «Жаңа Қазақстан» идеологиясының көрінісі Парламент депутаттарының жұмыс сапарынан анық байқалды. Көңілді күпті қылған мәселе төңіргенідегі заңдар егжей-тегжейлі түсіндіріліп, заңнамалаық кеңес берілді. Халық қалаулылары аудан тұрғындарының ілтипатына, ауданның, қала берді, еліміздің дамуына бей-жай қарамай, белсенділік танытқанына ризашылықтарын білдіріп, көтерілген мәселе назарда болатынын айтты.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz