12.07.2022, 16:15
Оқылды: 878

«Қисса сүл-әнбия» Оралдағы оқырманға жол тартты

Бүгін Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Қисса сүл-әнбия» кітабының тұсаукесері кітап авторлары Санжар Керімбай мен Айбек Нәбидің қатысуымен өтті.

image-12-07-22-01-45-9 (1)

«Қисса сүл-әнбия» елімізде белгілі «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының кітаптар сериясы аясында басып шығарылған. Тұсаукесерге қала тұрғындары, аталған кітаптар сериясының оқырмандары қатысты. Шара шығыстанушы, логотерапевт Санжар Керімбайдың қоғамдық қордың кітаптар сериясын шығаруы неден басталғаны және қор қандай кітаптар шығарғаны жайында әңгімеленіп, тұсаукесермен жалғасты.

image-12-07-22-01-45-3 

Танымал ақын, журналист Ғайсағали Сейтақ пен филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр кітап авторларымен бірге салтанатты түрде кітаптың тұсауын кессе, ақынның жары Тамара Сейтақ дәстүрлі шашу шашып, шараның сәнін келтірді.

WhatsApp Image 2022-07-12 at 13.59.59

WhatsApp Image 2022-07-12 at 14.00.39

Осыдан соң сөз алған Санжар Керімбай кітапты жазу барысындағы топтың еңбегі мен бұл кітапты жазып, қалың оқырманға ұсынудағы мақсаты туралы баяндады. Айбек Нәби болса «Қисса сүл-әнбия» кітабының ерекшелігі әр қиссаға жеке-жеке тоқталып, талдау жасалғанын атап өтті. Кітап 2017 жылы бастап жазылып, әрі қарай ғылыми, теориялық тұрғыдан толықтырылған. Осынау құнды жұмысты жазып шығару үшін авторлар 5 жыл уақыт жұмсаған.

image-12-07-22-01-45-10

Айбек Нәби, дінтанушы магистр:

- Айтып өткендей кітапты жазуға 5 жыл уақыт кетті. 2017 жылы жазып қойған едік, бірақ шығару үшін қиссаларға теориялық жағынан түсінік беру қажет деп шештік. Ал теориялық түсінік беру үшін белгілі бір әдебиетті зерттеу, зерделеу, мысалы М.Хайдеггер мен К.Т.Ясперс сияқты тағы басқа ойшыл, философтардың еңбегін оқу қажет. Ол тіл игеруді және уақытты талап етеді. Осы еңбектердің барлығын зерделеп, түсініп болғасын ғана кітап құрастырылады. (М.Хайдеггер, неміс ойшылы, ХХ ғасырдың көрнекті философтарының бірі, К.Т.Ясперс, неміс философы, психолог, психиатр).

Тағы бір айта кететін және авторлар аса мән берген жай бұл кітаптың суретшісі өзіміздің жерлесіміз Бекжан Жұмабаев болса, дизайнері Арман Ғинаят екен.

WhatsApp Image 2022-07-12 at 14.00.01

Ақсұлу Өтеуова, Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №16 филиалы, «Ақ кимешек» үйірмесінің мүшесі: 

- Бүгінгі тұсаукесерге келгенімізге қуаныштымыз, себебі кітаптың мазмұнының маңызы мен мәні зор. Болашақ ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі мол. Қазір балалардың көбі телефон мен компьютерге байлаулы болып қалды, көпшілігі кітап оқымайды. Біз ата-ана ретінде балалардың дұрыс жолда болғанын, жақсы тәрбиеленгенін қалаймыз, осы кітаптың оқылуына атсалысқымыз келеді. Жас ұрпақ, балаларымыз осы кітапты оқыса, үйренсе, үлгі алса жаман болмас еді деп ойлаймыз.

WhatsApp Image 2022-07-12 at 14.00.01 (2)

Шара соңында Ғайсағали Сейтақ пен Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Роза Оңғарбайқызы құттықтау сөз сөйлесе, Мұрат Сабыр авторларға өз кітабын сыйға тартты, ал кітап авторлары оқырмандарға қолтаңба беріп, олармен бірге естелік суретке түсті.

WhatsApp Image 2022-07-12 at 14.00.00 (1)

WhatsApp Image 2022-07-12 at 14.00.01 (1)

Альфия Шамаева, 

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген: Гүлмира Сәрсенғали 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале