Жұма күні Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде еңбек жолы өткен ғасырдың 80-ші жылдары басталған, «Мәдениет саласының үздігі», «Кітапхана саласының үздігі» төсбелгілерінің иесі, аудандық кітапхана жүйесінің директоры Гүлсім Қуанаеваны зейнет демалысына шығарып салуға арналған бенефис-кеш ұйымдастырылды.
«Кітапханашы болу менің тағдырым» деп аталған шараға аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова мен мәдениет саласындағы облыс, аудан көлеміндегі әріптестері, зейнеткерлер, еңбек еткен ұжымы қатысты.
Құрмет-қошеметпен сахна төріне көтерілген кеш кейіпкерінің өмір жолы баяндалған видеролик көрсетіліп, Гүлсім Фазылқызы шараның тізгінін қолға алған жүргізуші Самат Байболаттың өмір жолдарының әр белесіне шолу жасатқан сұрақтарына жауап берді. Сұрақ-жауап арасында кеш кейіпкерін аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтап, туған күн иесіне аудан халқына рухани азық беретін кітапхана саласында қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін атап өте келе, жарқын күндер мен мықты денсаулық тілеп, сый-сияпатын табыс етті.
Осындай құттықтау сөзді Орал қаласынан келген байырғы әріптесі Роза Исатаева да арнап, игі тілегін жеткізді. Гүлсім Фазылқызының ұжым басқарған кездегі батыл бастамалары, түрлі тақырыпта түрен салған ізденістері, тың жаңалықтарының көп аудандарға үлгі етіліп келе жатқаны туралы әңгіме өрбіткен облыстық Ж.Молдағалиев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева мен облысқа қарасты аудандық орталықтандырылған кітапхана директорларын бастап келген Айнұр Жасұланқызының ақжарма тілектері де шынайы толқынысқа толы болды.
Шараға Г.Қуанаеваның алғашқы еңбек жолында басшылық қызмет жасап, бағыт-бағдар сілтеген әріптесі, құрметті кітапхана ардагері Валентина Федорова да еліміздің егемендік алып, тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарындағы ізденістер мен ұжымдағы табыстар туралы ерекше естеліктерімен бөлісті. Бенефис иесінің тек басшы ғана емес, қоғам белсендісі, үлгілі отанасы тұрғысындағы қырын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов та шын көңілден шыққан тілегімен аша білді.
Арасында ән мен күйге де кезек беріліп, ұжымындағы әріптестерінің де кешті сәтті өткізуге деген игі ниеттері текке кетпегендігін шара барысындағы ақжарма тілектер мен жүректерден шыққан ізгі арнаулар дәлелдеп жатты.
Қорытынды сәтте сөз алған Гүлсім Фазылқызы ұзақ жылдар тізе қосып бірге еңбек еткен ұжымына шынайы алғысын жеткізіп, алдағы уақытта да өзінің сүйікті мамандығына адал болып қала беретінін айтып, көрермендерін еріксіз тебірентті. Кеш кейіпкерінің отбасы да осы шараны ұйымдастырушыларға, алыстан ат арытып келген қонақтарға шынайы ризашылықтарын білдірді.
Бір орында, ұзақ жылдар тапжылмай еңбек ету адам бойындағы тұрақтылық деген қасиетті білдіріп қана қоймайды, сонымен қатар бұл өзіңнің қалап алған мамандығыңа деген адалдықтың дәлелі. Ендеше, адал жүріп, анық басып, шуақты зейнет жасына жеткен Гүлсім Қуанаева әлі де жұртшылық, ұжымы қуана қабылдар қадірлі жан болып қала бермегіне сенеміз.
Г.Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz