Алдағы 10 жылда Орталық Азия елдеріне 170 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы тартылады. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту көп жағдайда инвестиция тарту бойынша тиімді іс-шараларға байланысты. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, келесі 10 жылдың ішінде тікелей шетел инвестициясын тартудағы жиынтық әлеуетіміз 170 млрд долларға дейінгі көлемде бағаланады, оның ішінде шикізаттық емес салаға – шамамен 70 млрд доллар», - деді Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы өңірлік жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандырудағы тиімді платформа бола алатындығын айтты.
«АХҚО әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибелері мен жаңа құралдарын қамтиды. Қазірдің өзінде орталықта әлемнің 64 елінен 1 400-ден астам компания тіркелген. Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін «AIFC Multipass» жаңа өнімі әзірленген. Бұл АХҚО серіктестерінің іскерлік сапармен қатысушы елдердің аумағына кедергісіз кіруін қамтамасыз ететін визаның айрықша санаты саналады. Біз АХҚО алаңында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кез келген форматына ашықпыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.