25.07.2022, 9:31
Оқылды: 140

Жастарды жұмыссыз қалдырмайды

Қолдарында күректей дипломы бар кей жас маман тамыр-таныссыз жұмысқа орналаса алмай, бос жүріп қалады. Өйткені қазір дипломы бар адам көп, қай өңірде де маман даярлайтын оқу орындары жеткілікті. Оған қоса жұмыс берушілер аз болса да, тәжірибесі бар мамандарды қызметке қабылдауға тырысады. Орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына түсе алмай қалған көкөрімдердің халі бұдан да қиын. Сондықтан елімізде еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы іске асырылуда. Аталмыш бағдарламаға алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектер, жұмыссыздар, 29 жастан аспаған жастар, оның ішінде NEET санатындағы жұмыс тәжірибесі жоқ қыз-жігіттер қатысады. Биыл аталмыш жоба аясында мектеп түлектерін және ҰБТ тапсырмағандарды да жұмыспен қамту жоспарланды. Одан басқа жастарды жұмыссыз қалдырмайтын «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы да іске асырылуда. Мемлекет жұмыс істеймін деп құлшынатын қыз-жігіттерді жұмыссыз қалдырмайды.

 5

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы

Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Айнұр Қазмұханова «Алғашқы жұмыс орны» жобасының шарттарының өзгергенін айтады.

– Бұған дейін жастарды жұмысқа 12 айға жолдайтын едік. Биылғы жылдан бастап жас маманды 18 айға жұмысқа қалдыру жөнінде жұмыс берушімен келісім жасаймыз. Жолдамамен жұмысқа кірген қызметкердің айлық жалақысының шамасы 20-дан 30 айлық есептік көрсеткішке дейін (91890 теңге) өсті. Жас маманның себепсіз жұмысынан босап қалмауын орталықтың өзі бақылап отырады. Осының нәтижесінде жастар 18 айда тәжірибе жинақтайды. Одан кейін міндетті түрде 12 айдан кем емес тұрақты жұмыс орны беріледі. Егер жұмыс беруші тұрақты жұмысқа қабылдаудан бас тартқан болса, адамдардың жалақысының субсидияланған бөлігін төлеуге жұмсаған мемлекеттің шығыстарын бюджетке кері қайтарады. Мұның жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге септігі тиеді. Өңірдегі жұмыс берушілер бұл жобаға қатысуға өтініш беру арқылы жұмыссыз ретінде еңбек биржасына тіркелген 29 жасқа дейінгі түлектер мен жастар арасынан қажетті мамандарды іріктеп, жұмысқа тартуына болады. Осы жоба бойынша жыл соңына дейін 20 адамды жұмыспен қамтуды жоспарладық. Қазірдің өзінде 6 адам жұмысқа орналасып үлгерді. Бұл мақсаттарға 19 миллион теңге бөлінді, – деді директордың орынбасары.

Жұмыс берушілер еңбек биржасынан барған жастардың еңбекақысын жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттің субсидиялайтынын тиімді санайды. Егер қызметкерлер өзін жақсы қырынан көрсеткен жағдайда, жұмыс беруші оларға қосымша ақы төлей алады. Бір сөзбен айтар болсақ, бұл – жұмыссыз әрі еңбек тәжірибесі жоқ жастарға жұмыс табуға қолдау көрсететін мемлекеттің нақты тетігі. Сонымен қатар жұмысқа тұрған жас адамдардың тиісті есепшоттарына зейнетақы және әлеуметтік аударымдары аударылады, еңбек өтілі жинақталады.

«Жастар практикасының» мерзімі ұзартылды

Қалалық жұмыспен қамту орталығында 2011 жылдан бастап «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталмыш бағдарламаға «Халықты жұмыспен қамту» заңына сәйкес білім беру ұйымдарын 3 жыл ішінде бітірген және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектер қатыса алады. Жұмыссыз жас мамандарға арналған жұмыс орындары меншіктің барлық түріндегі кәсіпорындарда, мекеме-ұйымдарда құрылады. Жұмыссыз қыз-жігіттерге ұсынылатын жұмыс орындары олардың кәсібіне, мамандығына сай келуі тиіс.

Биыл «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша еңбек ету мерзімі 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды. Еңбекақыға келсек, салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдардың аударылуы өз алдына, әр өңірге 25-тен 40 айлық есептік көрсеткіш шамасына дейін өсірілді. Бұл көрсеткіш біздің өңірде 30 айлық есептік көрсеткішті ( қазіргі көрсеткішпен 91890 теңгемен) құрайды. Жыл басынан бергі уақытта 60-тан астам адам еңбек тәжірибесінен өтуге жіберілді, – деді А.Қазмұханова.

Мамандардың айтуынша, «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа барған жастардың басым көпшілігі сол еңбек тәжірибесінен өткен ұжымдарда жұмыс істеуге қалады. Оның барлығы жұмыс берушіге емес, жолдамамен барған адамның өзіне байланысты көрінеді. Егер жас маман жұмыс барысында өзінің алғырлығын, еңбекқорлығын көрсетсе, оған тұрақты қызметкер ретінде қызметке қалу ұсынылады. Олай болмаған жағдайда, аз болса да еңбек өтілі бар адам басқа жерден жұмыс таба алады. Орталық та түрлі бос жұмыс орындарын ұсынбақ. Одан басқа олардың түйіндемелері электронды еңбек биржасы – enbek.kz сайтында жарияланады.

«Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу үшін не істеу керек? Ол үшін жұмыссыз жастар тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығына өтініш жазады. Өтінішке қоса жеке басын куәландыратын құжаттың, еңбек кітапшасының (бар болса), техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжаттарының көшірмелерін тапсырады.

Әлеуметтік жұмыс орындары ұсынылады

Орталық қызметкерлері «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын жүзеге асыруда. Орталықтағылар жұмыс берушілердің жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыспен қамту орталығымен келісімшарт негізінде әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынатынын айтады. Әлеуметтік жұмыс орындарын салық және басқа әлеуметтік аударымдарды тұрақты жүргізетін, жалақы бойынша мерімі өткен берешегі жоқ жұмыс берушілер ұйымдастыра алады. Бағдарлама бойынша жұмысқа орналастыру кезінде аз қамтылған, көп балалы отбасы мүшелеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған тұлғаларға басымдық беріледі. Жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысының 35%-ы мемлекет есебінен (бірақ 20 АЕК-дан аспайды) субсидияланады. Оның ұзақтығы 12 айдан аспайды. Қалалық жұмыспен қамту орталығы қазірдің өзінде 37 адамды әлеуметтік жұмыс орындарына жолдады.

– Жұмыс берушілер қоғамдық жұмыстар деп аталатын уақытша жұмысқа да өтініш бере алады. Бұл жағдайда жұмыспен қамту орталығы 20 АЕК көлемінде жалақыны толығымен төлейді. Биылғы жылы 317 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Ал 1050 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жеті адам грант алды, – деді директордың орынбасары.

Өтініштер бойынша толық ақпаратты enbek.kz сайтынан көруге болатынын айтады. Өйткені өтініштер осы сайт арқылы қабылданады. Осы сайтта әрбір жұмыс берушінің жеке кабинеті бар, онда еңбек келісімшарттары тіркеледі. Онда жұмыс беруші өзіне керек бағыттардың бірін таңдап, жұмыс орындарын субсидиялауға өтінімді онлайн береді. Жұмыспен қамту орталығындағылар сайт арқылы түскен өтінішті жергілікті атқарушы құрылымға бекітуге жолдайды. Содан кейін жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушімен келісімшарт жасап, жұмыссыздарды уақытша жұмыс орындарына жібереді.

– Барлық жоба бойынша жұмыстар жалғасуда, жыл соңына дейін тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Бағдарламалар Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен қаржыландырылады, – деді Айнұр Қазмұханова.

Өтеусіз грантпен кәсіп ашыңыз!

2019 жылдан бастап жұмыспен қамту орталығы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына шағын кәсіп ашуға гранттар беруде. Биылдан бастап гранттың шамасы 1,2 миллион теңгеге дейін өсті. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында жұмыспен қамту орталығынан берілетін 400 АЕК мөлшеріндегі грантқа келесі санаттағылар үміткер бола алады: жастар (29 жасқа дейін), аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар, қандастар, қоныс аударғандар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар. Бұл ретте жоғарыдағы аталған грантқа үміткерлердің барлығы жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздар немесе жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі бір жылдан кем) және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар қатарынан) болуы керек. Грантқа үміткерлер жұмыспен қамтудың басқа қолдау шараларына қатыспауы тиіс. Сондай-ақ грант бір рет қана беріледі. Қайтарымсыз қаражатты тек «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқыту барысында әзірленген бизнес-жоспарға сәйкес пайдаланған жөн. Грантқа өтініш берген кезде тек қана тұрақты тіркелген жері бойынша құрылымдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен кемінде бір жыл тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеу туралы мәліметтер болуы тиіс. Мемлекеттік грант алушы грант алған күннен бастап он екі ай бойы бизнесті кеңейтуге бағытталған шараларды қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайды.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттық қаражат қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малды, құстарды, көшет-бұталарды, тұқымдарды, өсімдіктерді сатып алуға жұмсалады. Сондай-ақ коммерциялық жылжымайтын мүлік және сауда нысандары, оның ішінде жалға алу, пайдалану, сенімгерлік басқару құқығындағы нысандар аумағында бағдарламаға қатысушының бизнес-жобасын іске асыру үшін ғимараттарды жалға алу ақысы ретінде нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылады. Бағдарламаға қатысушыға грант бір рет беріледі.

Еңбек биржасы шақырады

Жыл басынан бері Орал қалалық жұмыспен қамту орталығына 5 мыңнан астам адам жұмыссыздық мәселесімен жүгініп, 30 пайызы уақытша жұмыс орындарына жіберілді. Жұмыссыздар саны пандемия жылдарында өскен болса, қазір азайып келеді. Одан басқа 1900 адам жұмысынан айырылғаны үшін әлеуметтік жәрдемақы алуға өтініш білдірді. Уақытша және тұрақты жұмыс орындарын enbek.kz сайтынан көре аласыз. Сондай-ақ биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша курстар әлі басталған жоқ. Жоба ережесі өзгертілуі керек. Бұрын оқыту «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы оффлайн сипатта жүргізілсе, биылдан бастап enbek.kz сайтында онлайн түрде өткізілетін болады.

Орталықтың мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде құрылыс саласына бетоншылар, тас қалаушылар және жұмысшыларға жұмыс көп ұсынылуда. Тәрбиешілерге, тәрбиешілердің көмекшілеріне, есепшілерге, жүргізушілерге, кеңсе меңгерушілеріне, кеңсе қызметкерлеріне, техникалық қызметкерлерге де сұраныс азаймайды. Орал қаласында дәрігерлер, медбикелер, тазалықшылар сұранысқа ие. Тамыз айында мұғалім мамандары қажет мектептерден өтініштер қабылданады. Сондықтан жұмыс істеймін деген кісіге еңбек биржасына тіркелу керек. Бастысы жұмыс істеп, нәпақа табуға деген ынта-ықылас болсын.

Әсия Сағидоллаева, Орал қаласының тұрғыны, тігінші:

– Атырау қаласының тумасымын. Бұдан бір жыл бұрын Орал технологиялық колледжін техник-технолог мамандығы бойынша бітірдім. Жас әрі еңбек тәжірибем болмаған соң ешкім ресми жұмысқа ала қоймады. Жекеменшік тігін цехтарында тігінші болып, нәпақамды таптым. Бірақ салықтарды, міндетті зейнетақы жарналарын және басқа да әлеуметтік аударымдардың аударылуын қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс орнында жұмыс істегім келді. Осылайша, Орал қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелдім. Ондағылар мені қаладағы «Мәрия ханым» салонының тігін цехына жұмысқа жолдады. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша ресми алғашқы еңбек жолымды бастадым. Мұнда тәжірибелі мамандар киім тігудің қыр-сырын үйретуде. Жұмыссыз, тәжірибесіз жас мамандардың жұмыс табуына қолдау көрсететін жоба бары қуантады.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале