Шымкентте демалыс күндері екі бала бассейн мен септикке түсіп кетіп, тұншығып қалған. Қазір екеуінің де жағдайы ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, жазатайым оқиғалардың бірі Абай ауданының Қызылжар тұрғын алабында болған.
Жедел жәрдем қызметіне түнгі сағат 22:30-да жеке тұрғын үйдің ауласында үш жасар бүлдіршін бассейнге құлап кеткені туралы хабар түскен.
Ересектердің қарауынсыз қалған бала дереу қалалық балалар ауруханасына жеткізілген.
Қазіргі таңда оның жағдайы ауыр деп бағаланып отыр.
Дәрігерлер бүлдіршінде аспирациялық синдром, мидың ісінуі деген диагноз қойған.
Ес-түссіз жатқан кішкентай науқасқа медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Екінші жазатайым оқиға бүгін түнгі сағат 00:05 шамасында болған.
«Абай ауданына қарасты Самал-3 шағын ауданында жеке тұрғын үйдің ауласында үш жасар бүлдіршін септикке құлап кеткен. Ол ересектердің қарауынсыз қалған. Қазір бұл бүлдіршін де қалалық балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайы орташа, аспирациялық синдром деген диагноз қойылған» делінген ТЖД хабарламасында.