28.07.2022, 9:46
Оқылды: 76

Бесікті аялайық!

Орал қаласындағы Достық үйінде «Бесік  жыры» атты керемет іс-шара өтті. Іс-шара «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы аналар кеңесінің жұмыс жоспарына сәйкес «AMANAT»партиясының «Бақытты отбасы» жобасының аясында ұйымдастырылды.

6

Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина бесікке салу рәсімін кезең-кезеңімен жүргізіп, жиналған қауымға, әсіресе жастарға салт-дәстүр төңірегінде біраз мағлұмат айтты.

– Алас, алас, баладан алас,

Иесі келді, пәлесі көш!

Алас, алас, бәледен алас,

Көзі жаманның көзінен алас!

Тілі жаманның тілінен алас!

Қырық қабырғасынан алас,

Отыз омыртқасынан алас!

Әдемі, сұлу болсын деп басына айна мен тарақ, қамшыдай өткір болсын деп қайшы жастайын. Тіл-көзден сақтасын деп тұмар байлайын, – деген Шалқыма Хайроллақызы тиісті бұйымдарды жастықтың астына  салды.

Әжелер нәрестені бесікке бөлеп, ши, жөргек, құстөсек, жастық, көрпе, жарлық, кепіл, тартпабау, бесік жапқыш сынды жабдықтармен таныстырып, бесік жырын айтып, тыштырма үлестірді. «AMANAT» партиясының қолдауымен жарыққа шыққан отбасы құндылықтарын дәріптейтін жинақтар аналар кеңесі кабинетінің кітаптар бұрышына  табысталды.

– «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген Төле би. Жалпы халқымызда «Туған жер – алтын бесік» деген даналық бар. Қазақ бесікті киелі, қасиетті, құтты мүлік санаған. Туған жерді бесікке теңеу де бесікке деген құрметтен. Бесікті аялайық, ағайын, – деген  халықтық «Ағалар әуені» вокалдық тобының мүшесі Серік Қабдырұлы өз алғысын, жылы ілтипатын әнмен жеткізді.

Жанар Жұмағазиева,

«AMANAT» партиясы

БҚО филиалының қызметкері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале