Жадыраған жаздың да бел ортасынан астық. Қазір – мектеп оқушыларының жазғы демалысын өткізетін лагерь жұмысының нағыз қызып тұрған шағы. Балалардың демалысын тиімді пайдалану мақсатында аудандық балалар шығармашылық орталығының теңгеріміндегі Шалқар көлі маңындағы «Ақ шағала» тынығу лагері жұмыс істегеніне 10 жылдан асты. Мұнда ұл-қыздың жазғы демалысын сапалы да қызықты өткізу үшін жан-жақты жағдай жасалған.
Лагер жұмысы маусым-тамыз айы аралығында ұйымдастырылып, 9 кезеңде 270 оқушыны қамтуды жоспарлады. Осы уақытқа дейін 180 бала Шалқар көлінің жағасында демалысын мәнді өткізіп, жаңа оқу жылының қарсаңында тынығып үлгерді. Әр кезеңде 30 оқушы демалуға мүмкіндік бар. Мұнда алдымен әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасынан және қорғаншылық пен қамқорлықтағы балғындар тартылды.
«Ақ шағала» лагеріне келген әрбір оқушыны алдымен жақсылыққа, адамгершілікке, ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, оқушылардың жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалана білуге үйрету – тәрбиешілердің басты мақсаты. Лагердегі күндердің бағдарламасын да олар осы қағидаға сәйкес құрайды. Өңіріміздің маржаны іспеттес Шалқар көлінде шомылумен қатар балалардың демалысы спорттық, танымдық, зияткерлік шаралармен өтуде. Өзге тынығу орындарындағыдай, мұнда да ұл-қыздардың әр күнінің қызықты әрі пайдалы өтуіне назар аударылған. Сонымен...
Таңнан бастап тынығушылардың қайнаған өмірі басталады. Күн тәртібі бойынша балалар ұйқыдан ояна сала, беті қолын жуып, таңертеңгілік жаттығумен денелерін шынықтырады. Одан кейін демалушылар таңғы астарын ішіп, ауқаттанып алады. Асханадағы апайлары балаларды тамаққа 5 уақыт шақырады. Осыдан кейін олардың уақыты топпен жұмыс істеуге қажет дағды-машықтарды меңгеруге баулитын түрлі шараларға арналған.
Лагерьдегі бір де бір күн іс-шарасыз өтпейді. Әр күні балаларды әсерлі, ұмытылмас эмоциялар күтіп тұр. «Денсаулыққа зиянды заттар», «Күн сәулесінің пайдасы мен зияны», «Улы жәндіктер» тақырыбындағы медбикелік сағат, «Ең, ең, ең», «Білімді мыңды жығар» сынды білім сайыстары, «Шынықсаң шымыр боларсың» спорттық ойындары, дебат, пікір сайыстар, «КТК» ойындары,«Дос болайық бәріміз» тренингтері, «Ой мен ойын» ұлттық сайысы сияқты танымдық шаралар үзбей өткізіліп тұрады. Сондай-ақ Сасай тауына саяхаттап, Шалқар көліне шомылудың өзі бір бөлек. Кешкі астарын ішіп болған соң, барлығы сахналық алаңға жиналып, би кешінде бас қосады.
Осылайша лагерьдің әрбір күні сәнді де мәнді өтуде. Бұл тұста балалардың демалыстарын тамаша өткізуіне үлес қосқан тәрбиешілердің еңбектерінде айта кеткен жөн. Себебі балалардың көңілді демалып жатқандығы жүздерінен көрініп тұрды.
Айжан Ақыл,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz