Кестелік тәртіпке сәйкес есептік кездесу Шыңғырлау ауылдық округіне қарасты Жаңакүш, Ұрысай және Қызылкөл ауылдарында өтті. Жиындарға аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Округ әкімі Әділ Қаражанов округ көлемінде, аудан орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Жалпы округ әкімі ұзын-сонар баяндама жасамай, бірден тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге көшті. Алғашқы жиындарда көтерілген мәселелердің, атап айтқанда қоқыс шығару, бөгет салу, Ұрысай, Жаңакүш ауылдарын жарықтандыру секілді мәселелер шешімін тапқан екен.
Дегенмен Қызылкөл бағытындағы жолды жөндеу, Ұрысай ауылының ортасына екінші су алатын қондырғы орнату, Жаңакүш ауылына ұялы байланыс қою секілді қаражат пен уақытты талап ететін сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев, округ әкімімен бірге тиісті мекеме басшылары да жауап берді.
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы,
zhaikpress.kz