1.08.2022, 9:15
Оқылды: 259

Малдың төлі де бірдейлендіріледі

«Ветеринария туралы» заңның 25-бабының талабына сәйкес мал өсіруші жеке және заңды тұлғалар өз меншігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiрудi қамтамасыз  етуге міндетті.

akbas-siyryФотосурет: egemen.kz

Жеке тұлғалар жергілікті ветеринариялық пунктке алынған мал төлдері туралы хабарлайды, ал шаруа қожалықтарының басшылары әр жыл басында алдағы төлдеу (бұзаулау, құлындау, т. б.) кестесін ұсынуы тиіс. Жергілікті ветеринариялық мамандар мал иелерінің хабарламасы мен төлдеу кестелерінің негізінде өздері қызмет көрсететін аумақта мал басын бірдейлендіруді жүргізеді. Заң талабы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының барлық төлі туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін 14 жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі, тек құлындарға таңба басылатын жағдайда төрт айлық жасынан бастап бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендіру дегеніміз – малды сырғалау, таңбалау, чиптеу арқылы жеке нөмір беріп, жануар және оның иесі туралы мәліметті арнайы электронды дерекқорға енгізіп, есепке алу.

Облыс бойынша 2022 жылға бекітілген ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарына сай 266 890 мүйізді ірі қара, 602 410 ұсақ мүйізді қара, 17 050  шошқа, 495  түйе және 49 635 мың жылқы малын бірдейлендіру көзделді. Ағымдағы жылдың жеті айлық жоспарына сәйкес  облыста  241 925  ірі қара  (153%), 333 818 ұсақ мүйізді қара (118%), 9 693  шошқа (107%), 219 түйе (258%), 20 481 жылқы (572%) бірдейлендірілді. Өткен жыл соңында сырға бұйымдарының жетіспеушілігіне байланысты облыс бойынша 18 650 ірі қара, 9 676 ұсақ мүйізді қара, 12 түйе мен 2 164  жылқы төлдері  уақтылы бірдейлендірілмей, тіркеуге алынбай қалып қойғандығы анықталды. Мұндай келеңсіз жағдай қажетті сырға бұйымдарының облысқа уақтылы келмеуіне, өткен жылы бірдейлендіру дерекқорында төлді тіркеу жасын үш айға дейін шектеу енгізілуіне байланысты орын алды. Сонымен қатар мал өсіруші тұлғалардың меншігіндегі мал төлдерін уақтылы бірдейлендіру міндеттеріне жауапсыз, атүсті  қарауы да мәселені ушықтыра түседі.

Былтырғы жыл соңында  облыс  әкімдігі облыс шаруашылықтарында тіркелмей қалып қойған мал  төлдерін толық әрі нақты жасына сай тіркеуге қоюға рұқсат беру туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне бірнеше қызметтік хат жолдады. Соған сәйкес министрліктің шешімімен 2022  жылдың 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында ел аумағында тіркелмей қалған мал басын тіркеу, заңдастыру  үшін «Жасыл дәліз–3» шарасы ұйымдастырылды. 2022 жылғы 1 мау­сым­дағы қорытынды ақпаратқа сәйкес облыста «Жасыл дәліз – 3» шеңберінде 53 548  ірі қара, 31 650 ұсақ мүйізді қара, 98 түйе, 117 шошқа және 10 927 жылқы бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілді.

Ауыл шаруашылығы жануарларына сырға бұйымдарының қажеттілігі бойынша 2021 жылдың 18 ақпанында «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ-ға 2022 жылға ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге арналған сырға бұйымдарына (270 953 дана мүйізді ірі қара сырғасы, 480  түйе сырғасы және 856 262 дана ұсақ мүйізді қара сырғасы) сұраныс жолданды. Облыста биылғы ірі қара малға  бөлінген 240 141 дана сырға бұйымдары пайдаланылуда. Қазіргі уақытта облыс аудандарына бөлінген ірі қара малының сырға бұйымдары пайдаланылып бітуге жақын. 2022 жылдың 13 маусым күні басқармаға ҰМҚ малына ғана арналған 856 262 дана сырға келіп түсті, ал ірі қара малына (270 953 дана), түйе малына арналған (480 дана) сырғалар тамыз айында келеді деп күтілуде. Сырға жетіспеушілігін толықтыру мақсатында облыстық ветеринария басқармасымен шаруа қожалықтарына өз қаржысы есебінен сырға бұйымдарын дайындап алу үшін эмиссия нөмірлерін алып беру ұйымдастырылып отыр.

Жыл басынан ҚР АШМ ВБжҚК «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ арқылы облыс шаруашылықтарына ірі қара малына 50 693, жылқыға 19 683 эмиссия нөмірі алынып берілді. Мал өсіруші тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын бiрдейлендiру бойынша сұрақтарға тұрғылықты жеріндегі ветеринариялық ұйымдарға немесе облыстық ветеринария басқармасының 8(7112)  24-31-53, 24-08-83  қызметтік телефондарына хабарласып, жауап алуларына болады.

Гүлнұр Тілепбергенова,
БҚО ветеринария басқармасының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале