Шыңғырлаулық кәсіпкер Петр Рудь биыл да көкөністің түр-түрін егуді ерте қолға алғанды. Еңбекқор азаматтың еселі еңбегі еш кетпей, шілде айы басталысымен алғашқы өнімдерді жинай бастады. Артылғанын аудандағы орталық базарға шығарып, халыққа сатуда. Қазіргі күні бағбанның қиярлары ауыл тұрғындарының ерекше сұранысына ие болып отыр.
Әңгіме арасында оның сөзінен 3 гектар аумаққа отырғызылған картоп, сәбіз, қырыққабат, қияр-қызанақ, қауын-қарбыз және жүгеріден мол өнім аларына сенімді екенін аңғардық. Петр өткен жылы өз бақшасынан алынған өнімнен түскен табыс отбасылық бюджетті толықтыруға да, қажеттіліктерін өтеуге де үлкен сеп болғанын жасырмады.
- «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайтыны» баршаға мәлім. Сондықтан жаз айларында қол қусырып босқа жатпай, бау-бақша салып, еңбек еткен дұрыс қой, - дейді ол тершіген маңдайын жеңінің ұшына сүртіп жатып.
Н.Айқын,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz