Егер сіз ата-ана болсаңыз, Хагги Вагги жайлы білмеуіңіз мүмкін емес. Балабақшаға баратын бөбегіңіз осы ойыншықты алып беруіңізді өтінген шығар?! Мүмкін зомби қуыршақ тістерін ақсита күлімсіреп, үйініздің төрінен орын алған да болар...
Фото дереккөзі: mel.fm/zhizn/razbor
Оқырман назарына «Хагги Вагги деген кім, қайдан шықты, балалардың жүрегін қалай жаулады?» сынды толассыз сұрақтардың жауабын ұсынамыз. Ендеше, мұқият зер салып оқыңыз!
Хагги Вагги қайдан шықты?
Хагги Вагги немесе Хаги Ваги - былтыр 12 қазанда «MOB Games» компаниясы шығарған «Poppy Playtime» компьютерлік ойынының кейіпкері. Қазіргі таңда мектеп оқушылары арасында сәнге айналған. Ойын кейіпкерлерін бейнеролик түріне келтіріп желілерге таратқандар Хагги Ваггиді күлгін түстес қыз кейпінде шығарып, оны «Кисси Мисси» деп атаған.
YouTube пен ТikТок желісінде танымалдыққа ие болған көрсетілім 3 жастағы бүлдіршіннен бастап 16 жастағы жасөспірімдердің сүйіктісіне айналды. Ойынның сюжеті бойынша басында мейірімді болған ол зауытта болған апаттың әсерінен құбыжыққа айналады. Оның жанрының өзі қорқыныш хорроры түріне жатады.
Хагги Вагги YouTube блогері Скортидің «Біздің көк Хагги Вагги жоғалып кетті. Ол өртеніп, қарайып кетті» деген фразасынан соң, «Хагги Вагги қайтыс болып, елеске айналды» деген сөздерінен танымалдыққа ие болды. Көрсетілім бір күннің ішінде 150 мыңнан астам қаралым жинапты.
Балаңыз не көріп жүр?
Жақында шаруаларыммен қаладағы базарға барғам. Сол ойыншықтың үлке-е-ен түрін іліп қойыпты. Балалар Хагги Ваггиді тірілей көргендей мәз. Сол жерде топырлап жүр. Бағасы да қымбаттапты. Бір қарағанда түрі қорқынышты екен деп қоя салмай, сол бәтшағырдың не айтып жатқанына құлақ асыңыз. Себебі, ол өте қауіпті. Сөзім дәлелді болу үшін бүлдіршіндердің құлағына майдай тиетін, көбі жаттап алған өлеңін қазақшаға аударып көргенбіз. Сөздері тіпті сұмдық. Өлімге жетелейді. Сенбесеңіз, балаңызбен бірге көріп, не айтып жатқанын ұғынуға тырысыңызшы.
Менің тістерім өткір,
Менің құшағым – ажал.
Сені ұстап,
Жүрегіңе жол табуға рұқсат ет,
Себебі, сені мәңгі құшақтай аламын.
Немесе былай да әндетеді:
Менің атым – Хагги Вагии,
Өткір тістерімді қаныңда қалдырамын.
Мені қорқынышты деп айтушы болма,
Өлгенше мені құшақта!
Ағылшын тілінде қалай айтылса, әспеттемей, қоспасыз, боямасыз, дәл солай аудардық. Құбыжықтың «құшақтау» сөзін жиі айтуы тегін емес. Түбірі ағылшынның «құшақтау» мағынасын беретін «To hug» етістігінен шыққан. Сондықтан ата-аналар қауіптілігін түсініп, дабыл қақса дейміз. Әні де алып бара жатқандай әуезді емес. Өте қорқынышты. Адамның психикасына әсер етпей қоймайды. Аты жаман «Синий кит» ойындары секілді соңы жасөспірімдер мен бөбектердің өліміне ұласпаса болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, сақтануды қолға алатын кез жетті. Өйткені, күннен-күнге зомби ойыншықтың табынушылары көбеюде.
«Мүлдем көрсетпеймін»
Аудан орталығында тұратын 27 жасар Ұлжан Мұханбетиярова - көпбалалы ана. Қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыста отырған оның теледидардан көрсетілетін мультфильмдерге көңілі толмайды.
- Мен 5 баланың анасымын. Балаларым кішкентай болғандықтан, күнұзаққа солардың жанындамын. Күні бойы теледидар, одан қала берді YouTube желісін қарайтын олар түрлі нәрселер көреді. Соның ішінде қорқынышты кейіпкерлері бар мультфильмдерді көргісі келіп отырады. Бәрі айтып жүрген Хагги Ваггиді де көріп қалған болуы керек. Түні бойы қорқып, жаман түс көріп, шошынып шықты. Содан бері бұл нәрсені көруге тыйым салдым. Тіпті әлгі ойыншықты сатып алып беруден де бас тарттым. Қызылды-көкті түске боялған зомби қуыршақтардың саудасы қызып тұр. Базарда 3000 теңгеден басталатын қуыршақ, соның суреті бейнеленген сөмке, дәптерлерге сұраныс артуда. Бала әр нәрсеге қызығады. Оның сұраныстарының бәрін алып бере беруге болмайды. Пайдалы нәрсе болса бір жөн. Қуана-қуана сатып алушы едік. Алайда жүйке жүйесіне кері әсерін тигізетін ойыншықтарды алып бермеймін және ондай мультфильмдерді көрсетпеймін,- дейді Ұлжан Әлібекқызы.
Тiktok-тың жұлдызы
Бүгінде балақайлар бөбекжайларына Хагги Ваггиді құшақтап келеді екен. Таза ауа жұтуға шықсаң да қорқынышты ойыншықпен ойнап отырған балаларды көресің.
Осы орайда Теректі ауылының кішкентай тұрғындары, бір үйдің балалары Айсезім мен Османнан әңгіме арасында Хагги Вагги туралы сұрадым. Екеуі жарыса жауап берді. Бірі түрлі есімдерін айтса, екіншісі олардың іс-әрекеттерін көрсете бастады. «Тренд» деген осы екен-ау» деп ойладым іштей.
- Біз бұл туралы TikTok-тан білдік. Кейіннен YouTube-тан қарадық. Өте қызықты, бірден еліктіріп әкетеді. Хагги Вагги мен Кисси Миссидің суреттері салынған киімдеріміз де бар. Бірақ мұндай мультфильмдерді көруге ата-анамыз рұқсат етпейді, - дейді Айсезім мен Осман Серіктер.
«Агрессияның көрінісін тудырады»
«Балалар құбыжыққа неге құмартады?» деген сауалды психолог маманға да қойып көрдік. Аңқаты жалпы орта білім беретін мектебінің психолог-дефектологі Қалима Ахметова сауалымызға тұшымды жауап берді.
- Бүгінде бала психологиясына зиян келтіретін қорқынышты ойыншықтар көбейді. Соның бірі – Хагги Вагги. Қазір балалардың қолында көк құбыжық жүреді. Матасы жұмсақ болғанымен, тісі ақсиып, көзі бадырайып, денеңді тітіркендіреді. Бұл ойыншықтарды ата-аналар балаларына «хит» болған соң, алып береді. Бірақ оның бала психологиясын қаншалықты улап жатқанына мән бермейді. Заманауи нарықтарды басып жатқан бұл ойыншықтар баланың мінезінің қалыптасуына әсер етуі мүмкін. Агрессивті бейнелер агрессияның көрінісін тудырады. Бала неғұрлым қорқынышты ойыншықтарды көрсе, соғұрлым агрессивті болады. Кейбір балалардың ұйқысы бұзылып, түнде шошып оянған кездері де болған. Әсіресе, екі жарым мен бес жас аралығындағы баланың алған әсері есінде ұзақ сақталады. Сондықтан ойыншық алар кезде, ең алдымен, жас шектеулеріне мән беруіміз қажет. Баланың жасқаншақ немесе қорқақ болып қалуы тікелей ата-анаға байланысты. Аталмыш ойыншықтармен ойнау арқылы балалар өздерінің қорқынышымен күреседі екен. Ата-аналар бұл жағдайда ойын арқылы қорқынышты ойыншықтардың да жағымды жақтары болатынын көрсете білуі керек, - дейді Қалима Сырымбекқызы.
P.S: Бала – болашағымыз. Еліміздің ертеңі. Сол себепті, «Трендтен қалмайын» деп тірнектеп жиған абыройдан айырылмау қажет. Бұл сөзімізді баласының болашағына немқұрайлы қарамайтын әр ата-ана түсінеді деген ойдамыз. Бұрын түрлі көліктер, қуыршақ, доппен ойнаған бүлдіршіндер «Өскенде өзімнің көлігім болады» немесе «Атақты футбол ойыншысы боламын» деп армандаушы еді. Қазір Хагги Ваггиді қойнына басқан балалар нені армандайды екен? Қызық...
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz