3.08.2022, 16:00
Оқылды: 46

Заңсыз жолаушы тасымалына тосқауыл қажет

Тамыз айының 2-сі күні Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Орынбасарұлының төрағалығымен өткен жиналыста күн тәртібіндегі жолаушы тасымалымен  заңсыз айналысушыларға тосқауыл қою мәселесі талқыланды.   

Заңсыз тасымал фото

–  Соңғы кезде көлік апаты жиі кездесуде. Соның салдарынан біраз адамдар қайғылы қазаға ұшырап жатыр, зардап шекендер де аз емес.

Адам өміріне қауіп төндіретін жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатындарға жол бермеуіміз керек. Оларды бақылау үшін рейдтер жүргізуіміз қажет, - деді аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев.

Күн тәртібіне сай жолаушы тасымалына қатысты жүргізілген жұмыстарды баяндаған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Сахипов бүгінде аудан бойынша «Ақжол» және «Байбақты» жеке кәсіпкерлігінің заң шеңберіндегі тәртіппен қызмет көрсетіп жатқанын алға тартып,  заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып жүргендердің де жоқ емес екендігін тілге тиек етті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Берікқали Муса, аудандық полиция бөлімінің өкілдері, мекемелер мен бөлімдер басшылары қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселені талқылау барысында өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

«Ақжол» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жандос Әмірғали жол қауіпсіздігінің қатаң сақталуын қамту үшін атқарылуға тиіс көліктің сапарға жарамдылығы мен жүргізушінің денсаулығын қадағалау талапқа сай болуы қажет екендігін, сонымен қатар жолаушы тасымалымен заңсыз айналысушыларға қатаң шара қолдану мәселесін ортаға салды.

                                                                                    Ерболат Райсов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале