8.08.2022, 12:15
Оқылды: 106

Қайырымдылық жасап, қарайласуда

Биылғы жем-шөптің молдығы шаруа адамдарының жұмысқа деген құлшынысын одан әрмен арттырып отыр. Шыңғырлау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылдық округінде бүгінгі таңда 17 шаруа қожалығы, 1 ЖШС және 7 жеке тұрғындар шөп дайындауды жалғастыруда.

1

Ақбұлақтық шаруалар өздерінің қарауындағы мал-жандарына қыстық мал азығының мол қорын жасақтаумен бірге ауылдастарын да ойдан шығармауда. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына шаруа қожалықтары қайырымдылық жасап, қарайласуды ұйғарды. Айталық, А.Исламбеков-«Диас» ШҚ - үш тұрғынға, С.Қабидуллиевтің «Қабидуллиев» ШҚ - бір отбасына, А.Хасенованың «Парасат» ШҚ – екі тұрғынның үйіне, С.Қабаковтың «Нұрсұлтан» ШҚ да бір отбасына бір-бір трактор тіркемесімен тегін мал азығын жеткізіп берді. Бұл шаруа қожалықтары  алдағы уақытта да қайырымдылық шараларын жасауды жалғастырмақ ниетте.

Осы бастамаға мұрындық болған ауылдық округ әкімі Светлана Байтенова шаруа баққан жандардың ауылдастарына деген ізгі қадамдарына разы: «Адамның күні адаммен деген. Сол себепті де, ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған, ауласындағы бір-екі бас малымен тамағын айырып отырған жанұяларға жәрдемдесу жақсылықтың бір көрінісі. Кең болсаң, кем болмайсың деген тәмсілді ұстанған шаруа қожалықтарына тұрғындар дән разы»,-дейді.

Округте 10867 тонна мал азығын дайындау жоспарда тұрса, шаруалар бүгінгі таңда осы меженің 72 пайызын бағындырып отыр.

Гүлім Шынтас,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале