10.08.2022, 12:15
Оқылды: 40

Ұшақты төрт сағаттан артық күткен жолаушыларға ыстық тамақ берілуі тиіс – Азаматтық авиация комитеті

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Zoom желісінде «Ашық сағат алаңы» шарасын ұйымдастырып, әуе тасымалы, тұрақты халықаралық жаңа әуе рейстерін ашу мен осы орайда туындаған түрлі мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

244286fe368c6093ab3c32399da5e7fd_XL

Фото дереккөзі: 24.kz

Шара барысында қалың көпшілікті толғандырған мәселелердің бірі әуе рейстерінің кешігуі және әуе компанияларының жолаушылар алдындағы жауапкершілік мәселесі болды.

Бұл сауалға басқосуда Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева жауап берді.

Ол рейстерді кешіктірген авиакомпаниялар көп жағдайда жолаушыларға міндетті қызметтерді тиісті деңгейде орындамайтынын алға тартты. Сәйкесінше оларға заңнамаға сәйкес шара қолданылады.

- Әрине, ұшудың кешігуі немесе ауыстырылуы көптеген қолайсыздықтар тудырады. Алайда техникалық ақаулар кез-келген кезде болуы мүмкін. Тасымалдаушылар жолаушыларды рейстің ұшуын екі сағаттан артық күту кезінде алкогольсіз сусындармен қамтамасыз етуге міндетті. Ал рейстің ұшуын төрт сағаттан артық күткен кезде ыстық тамақ берілуі тиіс, – деді Салтанат Томпиева.

Сондай-ақ ол рейсті күндіз алты сағат, түнде сегіз сағат күткен кезде жолушыларға тасымалдаушы ұсынған қонақүйде тұруға және тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге және кері қайту қызметтері көрсетілуі қажет.

Тасымалдаушының кiнәсінен рейс кейінге қалдырылған немесе 10 сағаттан астам мерзiмге кiдiртiлген жағдайда, жолаушының қалауы бойынша әуе компаниясы аталған қызметтердің барлығын көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген межелі пунктке дейін жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге міндетті.

- Бұл қызметтердің барлығы жолаушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тегін көрсетіледі. Егер де тасымалдаушы компания өз міндетін орындамаған жағдайда жолаушылар Азаматтық авиация комитетіне шағымдана алады. Біз келіп түскен шағымдарды зерделеп, тиісті шешім қабылдаймыз, – деп атап өтті Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале