11.08.2022, 9:15
Оқылды: 72

Жайық жастары жалындап тұр

«Орал қаласының ақпараттық талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» КММ мамандары уақытпен санаспай, кейде сенбі, жексенбі күндері де жұмысқа шығып, түрлі жобаны жүзеге асырып жүр. Олар азғантай ғана жалақы алса да, ерінбей еңбек етуде.

2

Облыс жастарының басын қосу бағытында өткізген іс-шаралары жайлы көпшілік жақсы пікірде. Белсенділер тұрғындар көп жиналатын жерлерде «Жастарға кеңес» жобасы аясында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жастарға жалықпай қызмет қылды. Соның нәтижесінде «Жастар тәжірибесіне» бөлінген 200 квотаның 120-сын, «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасына берілген 25 квотаның 17-сін өңір жастары пайдаланып отыр. Бұл қос бағдарлама арқылы жыл аяқталғанша әлі талай жастың жұмысқа орналасуы әбден ықтимал. Айта кетейік, 2020 жылы пандемия уақытында туған жерге пайда әкелу мақсатында ерінбей, талмай, қызу жұмыс жасаған да, былтыр Маңғыстауға шөп жөнелту кезінде вагондарға мал азығын тиеу жұмыстарына бір кісідей атсалысқан да – осы жастар. Олардың атқарған шаруаларымен, жоба-жоспарларымен танысуға бел байлап, Орал қаласындағы Хамит Чурин, 116 мекенжайында орналасқан аталмыш мекемеге бас сұқтық. Мекеме басшысы Дулат Жүсіпқалиев қарсылап, біраз ой-пікірімен бөлісті.

– Біздің жұмыс жан-жақтылықты талап етеді. Іс-шараларымыз қаламыздың түкпір-түкпірінде өтіп жатыр. Жастарға барынша қолдау білдіріп, көмек көрсетуге тырысамыз. Жастар тұрғын үйге қол жеткізуді көздейді және тұрақты, жалақысы жоғары жұмыс іздейді. Жасыратыны жоқ, жұмыс көп болғанмен, еңбекақы аз.

Біраз жастың вахталық түрдегі жұмыстарға кететіні сондықтан. Үй алғысы келетіндерге «Отбасы банкіндегі» «Жас отбасы» бағдарламасына қаражат жинау тиімді әрі сенімді екенін айтамыз.

Біздің мекемеде «Кеңес беру», «Мониторинг және ақпараттық талдау», «Жастар бастамаларын қолдау», «Әкімшілік» бөлімдері бар. Жалпы саны 22 маман ұйымшылдықпен қызмет атқаруда, – деді Дулат Нұрбергенұлы.

Олар жуырда «Жастарға жұмыс» жәркеңкесін өткізді. Жәрмеңкеде мемлекеттік бағдарламалар жайында біраз мағлұмат айтылып, бос жұмыс орындары туралы сөз қозғалды. Бұл бағыттағы жобалармен мекемедегі «Кеңес беру» бөлімі шұғылданады екен. «Мониторинг және ақпараттық талдау» бөліміндегі мамандарда жүктелген міндетті мұқият орындайды. Оны әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Мәселен, instagram әлеуметтік желісіндегі oraljastary парақшасын ашып қалсаңыз, неше түрлі тың мәліметке жолығасыз. Сол парақша арқылы қалалық ресурстық орталықтың күнделікті немен айналысатынын қарап отыруға болады. Олар материалдарды желіге жүктеген уақытта танымал тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың пікірін пайдаланады. Бірде іс-шараның өту барысы қамтылған бейнебаян жүктесе, бірде пайда­лы кеңестер жазылған суреттерді жариялайды. Аталған бөлім мамандары өңірдегі телеарна, газет-журнал өкілдерімен тығыз байланыс орнатып отыр.

– Жұмысты «Білім», «Шабыт», «Туған жер», «Жігер», «Ұлттық қазына» секілді бес бағыт бойынша жүргіземін. «Қазақша stend up» жобасы youtube видеохостингінде 60-70 мың шамасында қаралым жинады. Бұл жобада жайдарманшылар ерекше әзіл-қалжыңдарын айтты. Олар билет сатып, содан түскен қаражатты өз-өздерін жан-жақты дамытуға жұмсады. «ҚазИИТУ» ғылым-білім кешенімен бірлесіп, әр түрлі сала өкілдері арасында «Білімділер додасын» өткіздік. 10 топ белсенділік танытты. Бүгінгі таңда бұл интеллектуалдық сайыстың сайты жасақталды. «Жұлдызды футбол» қаламыздағы белсенді жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Биыл елорда күні қарсаңында аймақтық турнир өткізіліп, оған Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларынан командалар қатысты.

Осы іс-шаралар «Жастар бастамаларын қолдау» бөліміне тікелей жүктелгенмен, ауызбіршілікпен бірге атқарып, әр кез жұмысты сапалы жасауға ұмтыламыз, – дейді мекеме басшысы.

3

Бұдан бөлек, бұл ұжым мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін таратады, сенбіліктер өткізеді, домбыра, тіл үйрету курстарын тегін түрде ұйымдастырады және арасында ардагерлердің ауласын тазалау жұмыстарымен айналысады. Бұл шаруалар «Біргеміз – Қамқор», «Біргеміз – Таза әлем», «Бір­геміз – Білім», «Ардагерлерді ардақтайық!» акциялары аясында жүзеге асуда. «Жасыл ел» еңбек жасағына үш ауысым бойынша биыл 300-ден астам жас қамтылса, «Студенттік жасақта» жұмыс істеген жастар саны 200-ден асып жығылады. Сонымен қатар осы мекемеге қарасты «Орал жастары» волонтерлік ұйымы 2019-2021 жылдар аралығында үш жыл бойы байқауларда топ жарып, үздік волонтерлік ұйым атанып келеді. Байқаулардың бірі республикалық, қалған екеуі облыстық деңгейде ұйымдастырылған.

– Демеушілеріміз бастамаларымызды жиі қолдайды. Солардың арқасында жайдарманшыларға көмектесеміз. Күні кеше «Қазақстан дауысы» балалар жобасында жақсы өнер көрсеткен Айзат Айдосұлына велосипед әпердік. Қазіргі таңда веб-сериалдар түсірілуде. Жайдарманшы Елжан Халиуллин, «Назар аудар» театрының актері Самат Қабдиев, сценарийші Самат Қуанғалиев түсірілімдердің басы-қасында жүр. Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Ергенұлы ағамыздың қолдауымен аталмыш орталықта екі жыл қатарынан оқушылар айтысын өткіздік. Қазақ күресінен турнирлер ұйымдастырып келеміз. Теологтарымыз онлайн, офлайн сипатта сабақтар өткізіп, бар түйгенбілгенін айтып бағуда. Біз мемлекетімізді, өңірімізді гүлдендіру бағытында жұмыстануға қашанда дайынбыз. Облыстық, қалалық әкімдік әр кез жан-жақты қолдау көрсетіп отырады. Мекемеміздің есігі ізденемін, жарыстарға дайындаламын деген жастарға қашанда ашық, – деді Дулат Жүсіпқалиев.

Жұмыс жасауға деген ынтасы жоғары, күш-жігері көп жастардың алдағы уақытта әлі талай ауқымды жобаны жүзеге асыратынына сенеміз.

Ләззат Жұмаділдә, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның қызметкері:

– Жұмысқа орналасып, адал еңбек етіп, мақсаттарыма қол жеткізгім келді. Жұмыс іздей бастадым. Сөйтіп жүріп,қалалық ресурстық орталыққа бардым. Ол жердегі мамандар маған біраз ақыл-кеңес айтты. Бос жұмыс орындарын да көрсетті. Солайша мақсат-мұратыма бір табан жақындай түстім. Жұмыс көп күттірмей табылды. Қазіргі таңда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша еңбек етіп жатырмын. Жалақым да жақсы. Маған жол сілтеп, қолұшын созған орталық  мамандарына  мың  алғыс!

Марс Жайлауов, «Назар аудар» театрының актері:

– Бұйырса, Жастар күніне орай Орал қаласында «Жұлдызды футбол» турнирі өткізілмек. Мұндай турнир өзге аймақтарда ұйымдастырылып жүр. Қалалық ресурстық орталықтың қолдауымен бұл жарыс қаламызда көктемде оздырылған болатын. Белсенді жастар бас қосатын игі іс-шара жалғасын тауып, қуанып жатырмыз. Ұсыныстарымызды жерге тастамайтын, жастармен тығыз байланыс орнатып, сапалы қызмет атқара білетін Дулат бауырымыз бастаған ұжым жұмысына сәттілік тілейміз!

Ырысбек Өтеген, «Орал жастары» волонтерлік ұйымының мүшесі:

– «Орал жастары» волонтерлік ұйымы ар­қылы көп дос таптым. Осы ұйымда волонтер болып жүргеніме үш жылдан астам уақыт болды. Қиналғанға көмектесу – басты парызымыз. Бізге қоғамдық жұмыстар қатты ұнайды. Қайырымдылық жасау – сүйікті ісіміз. Тұрғындардың алғысын алу – үлкен жетістік. Қариялар ақ батасын беріп, жұмысымыз жайлы жақсы пікір айтып, риза болып жатады. Сондай сәттерде марқайып қаламыз.

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале