12.08.2022, 12:15
Оқылды: 51

Шағын Бейжің

Орал қаласынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан Раздольный ауылын шағын Бейжің деп атауға болатындай. Себебі жергілікті халықтың 80 пайыздайы велосипедпен жүреді.

02

Ауылда 200-дей үй болса, соның 160-170-інде шайтанарба бар екен және әр шаңырақ екі-үшеуден. Яғни ересектердікі, балалар мен жастардікі бөлек. Сабақ кезінде оқушылар да, мұғалімдер де мектепке сонымен қатынайды. Бүлдіршіндер де шағын орталыққа өз «көліктерімен» келетін көрінеді.

03

Тұрғындардың тірлігіне қарап жергілікті меценат Владимир Щевчук ауылдың орталық көшесінің бойына 1 шақырымдай жерге өрнектас төсеп берді. Бұл жыл бойы болмағанымен тұрғындардың 9-10 айдай велосипедпен еркін жүруіне мүмкіндік туғызды. Дегенмен де мұнда жыл он екі ай бойы қос дөңгелекті көліктен түспейтін жандар да жоқ емес. Солардың бірі – Жәдігер Өмірәлиев.

04

Зейнетке шықса де еңбек етіп жүрген ағамыз шайтанарбаны тұрмысқа қолайлы көреді. Қысы-жазы жұмысына осымен қатынайды. Ауыл ішіндегі ескі асфальттың арқасында оның шайтанарбасы дамыл тауып көрген жоқ. Алдағы уақытта ауылдағы жолдар жөндеуден өтетінін естіп, тіптен қуанып жүр. Үйінде зайбы, балалары, немересі бәрі де осы көлік құралын пайдаланатын көрінеді.

-Ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жаман емес. Сол себепті велосипедтерін де жаңартып отырады. Жыл өткен сайын спорттық бағытта заманауи шайтанарбалар көбейіп келеді. Бұл жастарымызға аудан, облыс көлемінде өтетін спорттық, туристік бағыттағы түрлі іс-шараларға белесене қатысуға мүмкіндік береді. Тұрғындардың көбінің гаражында автокөліктері тұр. Бұрақ олар өздеріне де, өзгеге де ыңғайлы болуы үшін велосипедке жиі отырады. Содан да шығар, ауылда жол-көлік оқиғасы деген атымен жоқ. Әрі қоршаған ортаға залал келмейді. Денсаулыққа да пайдалы. Медпункттағы фельдшеріміз де ауылдың ішіндегі шақыртуларға көбіне велосипедпен барады,-дейді аталмыш ауылдық округ әкімдігінің бас маманы Манарбек Жандарбеков.

Ауылдағы мекеме-кәсіпорын басшылары да велосипедпен жүргенді жөн көреді. Ауылдық клуб меңгерушісі Ақкенже Өмірбекованың айтуынша, клуб қызметкерлерінің бәрі екі доңғалықты көлік құралымен жүреді. «Отбасымызбен табиғат аясына велосипедпен шығамыз,-дейді Ақкенже Ғалымқызы.

-Бұрын, шекара ашық кезде Орынбор облысында тұратын туысқандарымызға да осы көлік құралымен қатынайтын едік. Ауылымыздан  18 шақырым қашықтықтағы деревняға бару үшін жолдасым екеуміз қос велосипедке мініп, оның рамасына екі баламызды отырғызып жолға шығатынбыз. Осыны көріп өскен балаларымыз әлі күнге дейін қолы босағанда велосипедпен серуендегенді ұнатады».

01

Ауыл клубы мектеп ұжымымен бірлесіп 1 мамыр – Бірлік күніне орай велошеру ұйымдастырып келеді. Оған ауылдың кәрі-жасы бірдей қатысатын көрінеді. Бәрі ұйымдасқан түрде ауылды айналып, он шақырымдай жүріп өтеді. Раздольный орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Алексей Дияконовтың сөзіне қарағанда, ауыл жастары, жоғары сынып оқушылары веложорыққа да жиі шығып тұрады.

0

-Мектеп оқушыларының бәрінде велосипед бар. Барлық дердік мұғалім, тіпті мектеп директорына дейін велосипед тебеді. Соған орай мектебіміздің алдына велотұрақ орнаттық. Бұл тұрақ 46 велосипедке арналған. Ол бізге аздық етуде. Енді ондағы орын санын көбейту жоспарда бар. Сабақта да, веложорық кездерінде де шәкірттерімізге велосипед тебудің пайдасы жөнінде айтамыз. Бұл көлік құралымен жай серуендегіннің өзі көңіл-күйге жақсы әсер беріп, сергектік сыйлайды. Және артық салмақ тастауға үлкен көмекші бола алады. Аяқ, сан бұлшық еттерін жаттықтырып, адамды шымыр қылады,- дейді Алексей Дияконов.

 

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале