Облыс бойынша есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына байланысты биыл 7 айда 157 құқықбұзушылық тіркелді. Оның 59-ы есірткіні сату мақсатынсыз, шағын және ірі мөлшерде сақтағаны үшін, ал 98-і қылмыстық теріс қылық жасағаны анықталды.
Солардың бірқатарына тоқталсақ, 17-сі аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын сақтағаны, 7-еуі құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіргені, 12 іс есірткі контрабандасы бойынша, сондай-ақ екі адамның есірткі құралдарын насихаттағаны дәлелденді. Заңсыз айналымнан биыл 37 келіден астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар алынды. Айта кетсек, 15 ақпанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Орал қаласындағы Покатилов көшесі бойында 2003 жылы туған азаматты ұстады. Ол есірткі заттарын таратумен айналысқан. Оқиға орнынан алты түйір ашық түсті ұнтақ тәрізді зат алынды. Сот экспертизалық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат салмағы 31,65 грамм «меткатинон» есірткі құралы екені анықталды.
Сот үкіміне сәйкес есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сатқаны үшін (ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігінде көзделген) азамат ҚР Қылмыстық кодекстің 74-бабы тәртібінде жазаны 2027 жылғы маусымға дейін кейінге қалдыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz