18.08.2022, 10:30
Оқылды: 74

Батыр көшесіндегі мереке

Чапаев ауылындағы Есен Орақбаев көшесінің тұрғындары үшін бүгінгі күн қуанышқа толы күн болды. Өйткені олардың көптен бергі тілектері орындалып, көшені қақ жарып тақтайдай тегіс жол төселді. Осы қуаныш құрметіне, сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай бұл көшеде мереке орнап, қуаныш аталып өтті. Алдымен жиналғандар жерлес батырдың аруағына дұға оқып, құран бағыштап, бет сипады. Көпшілікті  құттықтауға аудан әкімінің орынбасары Бақберген Абуов арнайы келді.

9

- Иә, батыр атамыздың атындағы көшенің жолының жөнделуі – үлкен іс. Сіздерді осынау игі шаруаның бітуімен шын жүректен құттықтаймын.  Есен Орақбаев көшесінің тұрғындары – татулығы берік жандар. Ендігі уақытта да берекелі тірлікке бағыттарыңыздан танбаңыздар. Жыл басталғалы Есен Орақбаевтің есімін жаңғыртқан түрлі шаралар жақсы дейгейде ұйымдастырылуда. Соның бірі – бүгінгі шара. Мұндай құрмет жыл бойына жалғасын табады. Шуақты күндеріміз көп болғай,-деді Бақберген Талғатұлы.

Осындай кейін көшенің байырғы тұрғыны Қанатқали Ермұқашев сөз алып, жиналғандарға ақ тілегін арнады.

- Қазіргі таңда аудан бойынша көптеген жұмыстар жасалып келеді. Бұл жайлы әлеуметтік желіден, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып жүрміз. Жағымды жаңалық көңіл жадыратады емес пе?! Осындай жағымды жаңалықтың бірі - сіз бен бізге ортақ көше жолының асфальтталуы. Біз тұратын Есен Орақбаев көшесінің тұрғындарының басты қиындығы да осы болатын. Көктем мезгілінде еріген қар  суынан жол езіліп, жүріп-тұру жайы тіпті қиындап кететін. Енді бұл күндер  артта қалды. Жөндеуден өткен жолдың рақатын сезініп отырмыз. Біздің көше жасарып келеді, бұл жол жөнделгеннен кейінгі ойын балаларының көптігінен байқалды. Осынау қуанышқа бөлеген аудан әкімдігіне халық ризашылығы шексіз,-деді ол.

Осыдан соң  Кеңес Одағының Батыры Есен Орақбаевқа арнап, Оспанхан Әубәкіров сөзін жазған Әсет Бейсеуовтың «Ағаларым» әнін мәдени-демалыс орталығының қызметкері Алтынбек Базарбаев тамаша әуелетіп, жиналған көпшілікті бір толқытып, мерекелік көңіл-күйді еселеді.

10

Ақын Үзілдік Елеубайқызы батырдың рухына  өлеңін арнап, көшенің ең жас тұрығыны, алты айлық Ділназ Дарханқызы мен байырғы тұрғындары Қанатқали, Гүлнар Ермұқашевтарға сыйлық тапсырды. Еңбек ардагері Сағынтай Бисенғалиев те қуанышпен бөлісіп, жыр шумақтарын оқыды.

Әрмен қарай көше жолының лентасы символды түрде қиылып,  шашу шашылып, тұрғындар бір жасап қалды.

Айта кету керек, биыл аудан орталығында жоспарланған 7 көшенің екеуінің жолы жөнделді. Біреуі Ихсанов көшесі болса, екішісі осы. Ұзындығы 267,59 метр.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале