19.08.2022, 16:30
Оқылды: 52

Бақытжамал Еселқызын еске алуға арналған кеш өтті

Теректі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі және Қали Жантілеуов  атындағы саз мектебінің  ұйымдастыруымен «Айдыннан ұшқан ән-аққу» атты Жаңақала ауданының тумасы, жерлес, әнші, күйші, ұстаз Бақытжамал Қазиеваны еске алуға арналған кеш өтті.

12

Күй атасы Құрманғазы, күй анасы Дина, қайталанбас Қали, майталман Мәмен, орны толмас Оқап, шандоз Шамғон, текті Тұяқ өмірге келген киелі мекен – жерұйығы Жаңақала өңірінде олардың дәстүрін жалғастырған ізбасарлары да  аз емес.

Осы өнерлі ордада республикамыздағы «Күйшілер династиясы»  мектебін қалдырған,  «Екі ішектің энциклопедиясы» атанған әкесі арқалы күйші  Есел Қазиевтің қызы Бақытжамал Еселқызына арналған еске алу кешіне туысқандары, бауырлары, замандастары, ұрпақтары, әріптестері, шәкірттері қатысты. «Өнері өмірімен егіз еді» атты кітап көрме жасақталды.

Кеш жүргізушісі Ақниет Қайырғалиев ақынның өмірбаянына шолу жасады. Дәстүрлі әнші Бекқали Сағынғалиевтің орындауында «Ақ кербез»  халық әні шырқалды.

«Бір жүрген кездерді ұмыта алман,

Біржола өшті ғой үміт алдан.

Елеңдеп жүрермін ертелі –кеш,

Кездесіп қалардай өзің алдан,...» – деген өлең жолдарымен  сағынышпен   еске алған,  Бақытжамал Еселқызының бауыры, Асылғаным Кусмагамбетованың  «Құс қанат ғұмыр» атты ғұмырнамалық жаңа жинағының  тұсаукесер рәсімінде Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Нұрғалиқызы мен  «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері», Күйшілер одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің құрметті мүшесі, сіңлісі Асылғаным Еселқызы сөз сөйлеп, немересі Бақтығали Ертөре кітаптың лентасын қиып, Дәулеткерейдің «Топан» күйін орындады.

13

Ұлтымыздың ұлттық өнерінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген күйші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев сөз кезегін алып ой тебіреністерін жеткізді. Гүлбар Шуақбаева «Сарыкөл Самар» күйін көрермен назарына тарту етті.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, мәдениет саласының үздігі  З.Сисенғали Қазиевтер әулетінің күйшілік өнері туралы сөз қозғады.

Ханзада Бисенғалиева «Көңіл толқыны» күйін шерткеннен кейін, ардагер ұстаз Надежда Өтешқалиева әріптесі туралы естеліктер айтып «Толағай» әнін орындады.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дегендей Бақытжамал Еселқызы ұстаздық еңбегін үлкен абыроймен атқарып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.

Шәкірттері Ербол Ғұбайдоллин, Ақмарал Сапарова және әріптесі Нұралы Ихсан сөз кезегін алып, ақын туралы естеліктермен бөлісті.

Шара соңында Бақытжамал Еселқызының жан жары Бақтығали Рамазанов жұбайы туралы ой тербетті.

Нұргүл Дюсенбаева,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале