19 шілдеден бастап республика аумағында бір ай бойы «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтеді. Мақсат – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол көлік оқиғаларын болдырмау, ережені өрескел бұзудың деректерін азайту.
«Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы кезінде Сырым ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері 78 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, әкімшілік хаттама толтырды.
– Айлықтың оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылуы да кездейсоқтық емес. Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – ішкі істер органдарының алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Аудан полицейлері мектептерге тексеріс жүргізіп, қауіпсіздік үшін білім үйлерінің аумақтары қажетті ескертулермен, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтармен, балалар макетімен жабдықталуда. Полиция бөлімі барлық көлік жүргізушілерін абай болуға, жол ережесін қатаң сақтауға шақырады, - дейді Сырым аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Бақытжан Қазақстанов.
Кешегі аптада Бақытжан Қазақстанов және әріптесі, учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Алтынбек Ермұхановпен бірге «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің өкілдері де «Қауіпсіз жол» акциясы аясында рейдке шықты. Полиция өкілдері С.Датұлы көшесінің бойында жол қозғалысын қадағалап, кейін жолаушы тасымалдайтын көліктердің жүргізушілерімен ережені сақтау, адам өміріне жауапкершілікті сезіну жайын еске салды.
Бекзат Қанаділов,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz