Күні кешеге дейін ауылдағы балалар мен жастар шаңды бұрқыратып футбол ойнайтын. Қазір олардың қатары азайып келеді. Есесіне жаз айларында сырты қоршалған, табанына жасанды көгал төселген заманауи нысанда доп тебетіндер қатары артуда. Құрманғазы мен Атамекен ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылдарының тұрғындары осындай қуанышқа кенелді. Аталмыш ауылдарда спорт алаңдары пайдалануға берілді.
Құрманғазы ауылындағы спорттық-әмбебап алаңының аумағы 16х19 шаршы метрды құрайды. Мұнда тек шағын футбол емес, волейбол, стритбол ойнауға, спорттық құрылғылармен жаттығулар жасауға да мүмкіндік бар. Аталмыш нысанды салуға бюджеттен 9 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мердігер компания құрылысты 1 шілдеде бастап жүргізген.
Жиналған жұртшылық өкілдері ауыл спортын дамыту бағытында мемлекет тарапынан алынып жатқан шараларға көңілінің толатынын жеткізіп, осы бағыттағы еңбектері үшін құзырлы құрылым, жергілікті атқарушы билікке ризашылығын білдірді. Жаңа нысанның лентасын қиған ауылдың еңбек ардагері Қанат Ахметов мұндай алаңдар балалар мен жастарға ғана емес, орта және аға буын өкілдеріне де дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қайнар ауылындағы мектеп жанынан бой көтерген спорт алаңының ашылуында әжелер шашу шашты. Лента қию мәртебесіне ауылдың қадірменді ақсақалы Төлеген Мендалиев пен жергілікті мектеп оқушысы, каратэден спорт шебері Әли Жалмурзинге бұйырды. Аумағы 14х28 шаршы метрді құрайтын бұл алаң да бір ай мерзімнің ішінде салынып біткен екен.
Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, мәслихат депутаты, каратэден жоғары білікті жаттықтырушы-педагог Фархат Жалмурзин де осынау күннің маңызына тоқталып өтті. Қайнарлықтардың «ауылда спорт алаңы салынса екен» деген үлкен арманы орындалғанын айтты. Енді мұны тиімді пайдаланып, бұқаралық спортты дамыту маңызды.
Қос ауылдағы қуанышпен бөлісуге арнайы барған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Дүзбатыров Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту, тұрғындар арасындағы спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту қолға алынғанын атап өтті. Нәтижесінде, спорт секцияларының, спорт нысандарының саны артты. Осынау спорт алаңдары болашақ чемпиондарды шығаруға өзіндік үлесін қосарына сенім білдірді.
Спорт алаңдарының ашылу салтанатынан соң жергілікті командалар арасында футболдан жолдастық кездесулер өтті.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz