23.08.2022, 11:15
Оқылды: 132

Базар жағалаған ата-ананың уайымы басым

Санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталмақ. Мектепке баратын уақыт жақындаған сайын базарда баласына киім іздеген ата-аналардың қарасы көбейетіні әмбеге аян. 

IMG-20220823-WA0021

Теректілік ата-аналармен тілдескенімізде, олардың дені киім-кешектің бағасы тым қымбат екенін айтты. Әсіресе, көпбалалы отбасыларға қиынға соғуда. Көпбалалы демекші, сөздің орайы келгенде айта кетейік,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын іске қосты. Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Акция 2022 жылғы 31 тамызға дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады. Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б.

- Акция аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адамға көмектесуге мүмкіндік бар. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады, - дейді Теректі аудандық білім беру бөлімі.

Бұл хақында жалпақ жұртшылықты құлақтандыру мақсатында БАҚ-та,  әлеуметтік желілерде мақалалар жарияланған. Аталмыш бөлімнің  ақпаратына жүгінсек, 2022-2023 оқу жылында 124 теректілік оқушы әлеуметтік көмекке мұқтаж. «Мектепке жол» акциясы жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылады. Оған қатысу үшін білім бөліміне, мектептерге хабарласу қажет.

Хош, сонымен...

Подстепныйлық Салтанат Құрмашова бүй дейді:

- Мектепке арналған киімдер жыл сайын қымбаттамаса, арзандайтын түрі жоқ. Бағасы «ұшып» тұрса да, амал жоқ аламыз. Үйде екі бала бар. Әрқайсысына 100 мың теңгеге, яғни костюм, шалбар, көйлек, аяқ киім, спорт киімі, кроссовка секілді киім алдық. Сосын тағы да ауыстырып киюге арналған көйлек, жемпір, әйтеуір шұлыққа дейін алынды. Шыны керек, қымбатшылық қысып тұрған заманда 100 мың теңге түк те болмай қалады. Бұл тек киімдерге ғана кеткен қаржы. Енді жолдасымның жалақысы түссе, оқу-құралдарын алуға шыққалы жүрміз.

Пойма ауылының тұрғыны Таңшолпан Шүкілова:

- Үш балаға 400 мыңға жуық ақша жұмсадым. Үйден шығарда қолымда осындай көлемде қаржы болды. Содан төрт теңгеде де қалмады. Киімдерді бір данадан ғана емес, ауыстырып киюге де алдым. Сонымен қатар қажетті оқу-құралдарын да сатып алдық. Әлі қысқы киімдер алынған жоқ. Төртінші баламыз мектепке баратын жылы қалай болатынын білмеймін, - дейді көп балалы ана.

Мұндай пікір жетерлік. Байқағаным, базар жағалаған көбінің уайымы басым. Тек подстепныйлық Гаухар Шайхиниязова:

- Осы ала жаздай анда-мұнда қыдырып, той-тойлап жүреді де дәл тамыз болғанда «Баланы киіндіруге ақша жоқ, бәрі қымбат» деген не сөз? Маусым айынан бастап ең болмағанда дәптер, қаламсаптарын алса, базарда толып тұр.  Базар, дүкенде баға әр түрлі. Мәселен, 18 мыңға да костюм бар, алсаңыз 40-50 мыңға да костюм бар. Таңдау өзіңізде. Өзім тамызға тіремей, оқу-құралды шілденің басында алдым. Тамыздың басында үлкен ұлға 20 мыңға костюм, шалбар, 5000-ға жейдесін алдым. Ал спорттық үлгідегі киімді алмадым. Өйткені, мектепте бәрібір асты-үстімен спорттық киім киіп жүрмейді. Өзінде бар трико мен футболканы киеді. Екінші ұл үлкенінен қалған костюм-шалбарды киеді. Сөмкесі де былтырғы, - деп ойын ортаға салды.

Айтпақшы, Оқу-ағарту министрілігі ата-ананың қалтасына ауыртпалық түсірмейміз деп барлық мектепке бірыңғай қою көк түсті мектеп формасын енгізбекші. Жалпы, мектеп формасы – ата-аналар мен оқушылар үшін қашаннан-ақ өзекті мәселе.

«Алдымыздағы оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгеріс енгізілмейді. Және бұрынғы оқу жылындағыдай мектеп формасына қойылатын талаптар министрліктің 26-бұйрығына сәйкес сақталуда», - деп түсіндірді  ҚО ОАМ мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.

Самал Жамет, 

Теректі ауданы

zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале