"Бәйтерек" холдингі мен ресейлік Сбербанк Қазақстандағы еншілес банкті сатып алу-сату жөніндегі мәмілеге қол қойды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Холдинг жарияланған мәліметке сүйенсек, Сбербанк қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырыпжәне еншілес банк клиенттерінің мүддесі үшін әрекет ету мақсатында қазақстандық нарықтан шығу туралы шешім қабылдады.
"Бәйтерек" холдингі Сбербанк Қазақстанды сатып алу туралы шешім қабылдай отырып, оның елдің қаржы жүйесі үшін жоғары маңыздылығын бағалады. Банк иеленетін қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялар қысқа мерзімде қаржы институтын толыққанды жұмысқа қайтаруға және Қазақстан экономикасының нақты секторын қаржыландыруды бастауға мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, Себрбанк өзінің клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерін орындауды жалғастырады. Клиенттері үшін банк өнімдері бойынша барлық шарттар өзгеріссіз қалады.
“Мәміле банкке белсенді операцияларды толық көлемде жаңартуға, депозиттер тартуға және төлемдер жүргізуге, сондай-ақ халық пен бизнес үшін өнімдер мен қызметтерді дамытуды жалғастыруға мүмкіндік береді”, – деп қосты "Бәйтерек" холдингінің өкілдері.
Бұған қоса Сбербанк Қазақстан қызметкерлерінің кәсіби командасы өз жұмысын жалғастыратыны айтылды.
Тараптар мәмілені жақын арада жабуды жоспарлап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін "Бәйтерек" Сбербанк Қазақстанды сатып алуды қарастырып жатқаны жайлы айтылған еді.