Әлеуметтік маңызы бар 11 атаулы азық-түлік бойынша еліміз ішкі нарықты 100 пайыз қамтып отыр. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚазАқпарат тілшісі жолдаған сауал жауабында айтылған.
Фото дереккөзі: inbusiness.kz
«Қазақстандықтардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бойынша көбінесе отандық немесе шетелдік өнімді тұтынатындығын импорт және экспорт балансы бойынша анықтауға болады. Есептеулер көрсетіп отырғандай, қазақстандықтар тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің дені отандық өнімдер. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар 29 азық-түлік түрінің 19-ы түрі өз елімізде өндірілген. Бұл отандастарымызды ішкі өніммен қамтуда 80 және одан да көп пайызды құрап отыр», - делінген ҚР АШМ-ның ресми жауабында.
Министрлік берген мәлімет бойынша әлеуметтік маңызы бар 11 атаулы азық-түлік бойынша Қазақстан өзін 100 пайыз қамтып отыр. Оның қатарында картоп, қияр, ұн, нан, күріш, макарон, қарақұмық жармасы, сүт, қой еті, тауық жұмыртқасы және тұз бар.
«Сонымен қатар 12 азық-түлік өнімі бойынша қамтамасыз ету 80% және одан жоғары көрсеткішкі құрайды. Атап айтқанда сәбіз, пияз, қырыққабат, қызылша, бұрыш, қызанақ, күнбағыс майы, ашыған сүт өнімдері, сары май, жылқы, сиыр және шошқа еті», - дейді ведомстводан.
Одан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікпен қамтуда сыртқа тәуелді екенімізді де мойындап отыр.
«Алты тауар бойынша импортқа тәуелдіміз. Атап айтқанда, алма (74%), құс еті (65,4%), шұжық өнімдері (56,4%), ірімшік пен сүзбе (56%), қант (43%) және балық (66%)», - деген жауап алдық.