26.08.2022, 16:00
Оқылды: 67

Казталовта педагогтардың тамыз кеңесі өтті

Бүгін С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында Казталов аудандық білім беру бөлімі педагог қызметкерлерінің 2022 жылғы аудандық тамыз кеңесі пленарлық мәжілісі өтті.

1

«Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» деп аталған пленарлық мәжіліске аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев және ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары, ардагер ұстаздар, кәсіподақ ұйымының төрағалары мен жас мамандар қатысты.

Пленарлық мәжіліс алдында аудан әкімі Рустем Зұлқашев аудандық білім беру бөлімі арнайы ұсынған оқушылар мен мұғалімдердің жетістіктері бейнеленген фотокөрмені тамашалады.

4

Тамыз кеңесі «Балаларды ерте дамыту инвестициялары» және «Білім саласы бойынша 2021-2022 оқу жылында атқарылған жұмыстар» атты бейнероликтер көрсетілімімен ашылды. Тамыз кеңесі одан әрі диалогтық алаң форматында жалғасып, Казталов ауданының әкімі Рустем Зұлқашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева, аудандық мәслихат хатшысы Сарсенбай Молдашев, ардагер ұстаз, Казталов ауданының құрметті азаматы Баян Қабиева, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Руслан Жұмағұлов, аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер Асыл Кенжеғалиева, Ғ.Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебі директорының міндетін атқарушы Маншүк Жексенова, Қараөзен мектеп-лицейі директорының міндетін атқарушы Қайырлы Байжанов, Казталов мектеп-лицейінің директоры Нұрлан Хайрушев спикерлер ретінде сахна төріне шақырылды.

3

Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Рустем Зұлқашев тамыз кеңесіне қатысушы барша педагог қызметкерлерді құттықтап, аудан бойынша білім саласында атқарылған шараларға тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті.

2

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева өзі басқарып отырған үлкен ұжымнан жаңа оқу жылында тың серпіліс, шығармашылық рух, жаңа жетістіктер күтетінін айтып, барша ұстаздарға сәттілік тіледі.

Кезек-кезегімен сөз алған диалогтік алаң спикерлері өздеріне қойылған сауалдар төңірегінде ой қозғап, білім саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашевтың баланың кітапқа құмарлығын оятудағы жасаған жобасы, жас ұрпаққа дәстүрлі өнерді сіңіріп, сол арқылы көптеген биік шыңдарды бағындырған ардагер ұстаз Баян Қабиеваның «Өзімнің мамандығымды, әр шәкіртімнің жетістікке жеткен сәтін, өз бастамаларыммен жүзеге асқан барша жобаларды, яғни ұстаздық деген ұлы істі – бақытым деп білемін» деген әсерлі әңгімесі кеңеске қатысушы барша педагогтар мен жас мамандардың еңбекке деген құлшынысын арттырғандай болды.

6

Марапаттау рәсімімен жалғасқан кеңесте аудандық білім беру саласының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің алғысхатымен, Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының «Құрмет грамотасымен», аудан әкімінің алғысхатымен марапатталды. «Орта білім беретін үздік ұйым» аталымымен Қараөзен мектеп-лицейі, «Үздік жазғы мектеп» аталымымен Казталов мектеп-лицейі, «Үздік аула» аталымымен Казталов балалар музыка мектебі, «Нұрбалапан» бөбекжайы, «Үздік мектеп үлескесі» аталымымен Қарасу жалпы орта білім беретін мектебі марапатталып, арнайы дипломдар мен гүл шоқтары табыс етілді. Тамыз кеңесі Казталов балалар музыка мектебінің «Шаттық» бишілер тобының «Мектепке сағыныш» биімен және «Күншуақ» балалар хорының «Болашағы біз елдің» атты әнімен аяқталды.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале