Жуырда Ресей Федерациясы, Орынбор облысы, Первомай ауданына қарасты Уральский кеңшарында футболдан халықаралық турнир өтті. Аталмыш кеңшарда көп жыл қызмет еткен Ю.В. Манинді еске алуға арналған дәстүрлі доп додасына жерлестеріміз де қатысты.
Орынбор облысының мықты деген әуесқой футбол ұжымдары шақырылған жарыста ел намысын Бәйтерек ауданына қарасты Чувашка ауылының командасы қорғады.
Қызыққа толы болған жарыс қорытындысында қарсыластарының барлығын қапы қалдырған чувашиндік жігіттер жарыстың бәс бәйгесі мен ауыспалы кубокті қанжығалады.
-Бұл жарыс біраз жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл ұйымдастырушылар қазақстандық команданы шақыруды ұйғарыпты. Тек ауылдың ғана емес, елдің намысын арқалап барған соң жігіттер жігерсіздік танытпады. Көрермен көзайымына да айналдық. Келер жылы бүгінгі жетістігімізді қайталауға тырысамыз,-дейді Чувашка ауылы командасының қақпашысы Мирлан Жауырбек.
Өз тілшіміз