31.08.2022, 11:15
Оқылды: 79

Даламыз дарындарға жомарт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Соған орай өңірімізде облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен түрлі іс-шаралар өтуде. Солардың ішіндегі «Талантты ауыл баласы» жобасы ауылдағы қарадомалақтардың өнерге деген құлшынысын оятып, жасөспірімдердің үлкен сахнаға  шығуына алғашқы баспалдақ болуда. Аталмыш жобаны Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұйымдастыруда. Осы орайда облыстық филармонияның директоры Асхат Қажығалиевпен тілдесіп, «Талантты ауыл баласы» жобасының мақсат-міндеті, өту барысы туралы білген едік. 

7

Бұл іс-шараның мақсаты – аудан-ауылдардағы, елді мекендердегі талантты балалардың ән-күй, би өнерге деген ынта-ықыласын арттырып, саналарына эстетикалық тәрбиені сіңіру және бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру. Бүгінде жоба аясында іс-шаралар өңіріміздің төрт ауданында, яғни Ақжайық, Казталов, Теректі және Шыңғырлауда өткізіліп, дарынды балдырғандар таңдалды.

11

– Жыл басында филармония ұжымы «Балалар жылына» қандай іс-шара немесе байқау ұйымдастыратынымызды ақылдастық. Елімізде бүлдіршіндерге арналған ән байқаулары өтіп жүр. Біз бұрын-соңды болмаған, ерекше жоба іздедік.  Филармонияның көркемдік жетекшісі «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегеновтің ұсынысымен аталмыш жобаны қолға алдық. Жоба авторы – Еркін Бекмұратұлы, жоба жетекшісі – филармониядағы ақпарат бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов, ал жобаның режиссері ретінде Сұлтан Ерболат таңдалды.  Жобаның сипаты продюсерлік орталықтың жұмыс стиліне ұқсайды. Продюсерлік орталықтар жас әншілерді елге танытып, ақша табуды көздесе, бұл жоба ауыл-аймақтағы жас дарындарды елге танытып, өнерде жолын ашуға бағытталған. Яғни жоба пайда табуды көздемейді, жас таланттардың өсуіне мүмкіндіктер ашады. Ал атауының өзі «Талантты ауыл баласы» деп текке қойылған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, облыстық филармонияда еңбек етіп жүрген ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Қазақтың Хатимолласы» атанған дәстүрлі әнші Хатимолла Бердіғалиев, «Халық күйшісі» атағын иеленген Ермек Қазиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Жаңылсын Хасанова, халықаралық деңгейдегі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марат Сарбөпеев те алғашында ауыл сахнасында өнер көрсетіп, бүгінде үлкен белестерді бағындырды. Олар жобада жас дарындардың тәлімгерлері болады. Туып-өскен аудандарындағы нағыз таланттарды таңдауға үлес қосады. Нақтырақ айтсам, әнші Еркін Өтегенов туған ауылы Ақжайық ауданының Қарауылтөбе ауылында ән байқауын ұйымдастырса, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Айбар Хайрханов Казталов ауданында өткізді. Жобаның үшінші байқауы елімізге танымал әнші Марат Сарбөпеевтің туған ауылы Теректі ауданының Приречный ауылында өтті. Ал төртінші байқау Шыңғырлау ауданының Ақсуат ауылында ұйымдастырылды. Ақсуат ауылы – еліміздегі хит әндердің орындаушысы, республикалық конкурстардың лауреаты Дархан Құлбабаевтың туып-өскен жері. Біз байқауды әлеуметтік желіде дәріптеп, халыққа тарату үшін арнайы ютуб жоба жасақтап, монтаждап, әр апта сайын филармонияның ақпараттық парақшаларында насихаттаудамыз, – деді Асхат Тарасұлы.

8

Ұққанымыздай, жоба аясында филармония әртістері туған жеріне барып, әншілер ән аталымы бойынша, сол секілді күйшілер, бишілер әр түрлі аталымдар бойынша байқау ұйымдастыруда. Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары облыс орталығында өтетін өнер кештерінде ән айтып, би билемек. Сондай-ақ филармонияның әртістерімен бір сахнада өнер көрсетіп, ән жазуға мүмкіндік берілмек. Аға-буын шығармашылық бағытта ақыл-кеңестер де айтады. Сонымен қоса «Талантты ауыл баласы» жобасының аудандық кезеңінің іріктеуінен өткен жасөспірімдер ата-аналарымен Орал қаласына шақыртылып, жас дарындардың облыстық телеарна мен радио арқылы шығармашылығын танытуға жағдай жасалуда. Оларға өңір тарихы мен тарихи жәдігерлерді таныстыру мақсатында облыстық өлкетану музейіне, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығына, сондай-ақ Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияға, «Атамекен» өнер ордасына апарып, экскурсиялық турлар ұйымдастыруда.

10

– Жобаның алдағы байқаулары Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылында және Жосалы ауылында өтеді. Тәлімгерлері болып Жосалы ауылында туып-өскен, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, әнші-композитор Жаскелең Ғайсағалиев пен Жымпиты ауылының тумасы, «Құрмет» орденінің иегері, дәстүрлі әнші Қайрат Какимов бекітілді. Жоба облыстың барлық аудандарын қамтып болғаннан кейін жыл соңында, нақтырақ айтсақ, желтоқсан айында «Атамекен» өнер ордасында кең ауқымды фестиваль түрінде қорытындыланады. Фестивальде әр ауданнан келген «Талантты ауыл баласы» жобасының жеңімпаздары тәлімгерлерімен бірге сахнада өнер көрсетеді, – деді Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Тарасұлы.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале