1.09.2022, 12:45
Оқылды: 263

Ауылдың әлеуеті - басты назарда

Апта сейсенбісінде Ақжайық ауданына келген облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарын Тайпақ ауылының кіреберісінде орналасқан «Тайпақ қарбыздары» көкөніс базарының жұмысының тыныс-тіршілігімен танысудан бастады. Облыс басшысымен бірге аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ердос Үмітов пен аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев болды.

8

Сауда орнында «Қызғалдақ» шаруа қожалығының иесі Темірболат Биғалиев қарсы алды. Негізгі кәсібі ірі қара, жылқы, қой-ешкі болып табылады. Сонымен қатар бақша дақылдарын өсірумен де айналысады. Қазіргі уақытта 20 гектар жерге қарбыз, қауын, қияр, сәбіз, т.б. бау-бақша егіп отыр. Осы шаруамен айналысқанына жиырма жылға таяпты. Күніне шамамен 200-300 келідей қарбыз-қауын сатады екен. Зейнет жасындағы қария өзінің осы шаруасын бас-қасында өзі жүріп, саудасын дөңгелетіп отырған жайы бар. Ғали Нәжімеденұлы ауданымыздың брэндіне айналған қарбыздың дәмін татып, іске сәттілік тіледі.

Айта кету керек, тайпақтық шаруалар «Бағырлай» өзенінің бойында, барлығының көлемі  33,1 гектар болатын жерге қарбыз, қауын, картоп, сәбіз, пияз егіп, өнімін саттыққа шығарып, пайдасын көріп отыр. Жалпы аудан бойынша 65 ауыл шаруашылық тауар өндірушілері картоп, көкөніс өнімердерін ексе, қарбыз-қауын өсірумен Алмалы, Тайпақ ауылдық округтерінен 25-30 жуық шаруашылықтар айналысады. Ел аузында «Тайпақ қарбызы» атымен тараған қарбыздар жыл сайын аудан, Орал қаласы мен облыс аумағына және Атырау қалаларының базарларында сатылуда. «Орал-Атырау» тас жолы бойынан Тайпақ, Алмалы, Атамекен ауылдарының тұсында кәсіпкерлердің қолдауымен көкөніс базары халыққа өз қызметін көрсетуде. Онда бау-бақша иелері өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуда.

10

Осыдан кейін өңір басшысы Тайпақ ауылындағы 624 орындық  Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Мамыр айында басталған жұмыстың мердігері – «ТасқалаТрансГаз» ЖШС. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландырылған жоба құны 383,8 млн. теңге. Қазан айында жұмыс аяқталады деп күтілуде.

12

Сапар соңында Ғали Нәжімеденұлы Тайпақ ауылындағы құрылысы аяқталуға жақындағы екі қабатты 12 пәтерлі үйді аралап көрді. Мердігері «Айтемір-Құрылыс» ЖШС, жобаның бастапқы  құны 127,2 млн. теңге, түзетуден кейін 176,2 млн. теңгені құрады. Жоспар бойынша құрылыстың аяқталу мерзімі қазан айында. Осы уақытта нысанның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

11

- Әр істеріңізге мұқият болыңыздар. Басты орында сапа. Құрылысты уақтылы және сапалы аяқтаңыздар, халық игілін көрсін. Ауылдың әлеуеті қашан да басты орында болады,- деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале