Бүгін Жаңақала ауданы орталығындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінде алғашқы қоңырау соғылды.
«Терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты салтанатты жиынға Жаңақала ауылдық округі әкімі Ақан Қапанов, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Ақмарал Даркулова, ардагер ұстаздар Нығайша Сағынғалиева, Бекзада Ақжанова, Гүлбар Тасқалиева, Аққаным Әубекерова қатысты. Алдымен Қазақстан Республикасының көк Туы желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Кейін мектеп директоры Әлихан Досмұхамбетов құттықтау сөз сөйледі.
Одан әрі Ғұмар Еркебұлан «Адай» күйін орындады. Жаңақала ауылдық округі әкімі А.Болатұлы, ардагер ұстаз Есентай Бекқалиев сөз алып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Айару Орынғали, Бибісара Хамза, Аида Жассинқызы, Әлинұр Хасайн, Ізбасар Бекзат өлең шумақтарын тарту етті.
Биыл мектептен түлеп ұшқалы отырған Бақтияр Нұрымғалиев пен мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған Айзере Құрышболатқызы алғашқы қоңырауды күмбірлете соқты.
Шара соңында Айзере Мұрат «Мектебім, аяулы мектебім» әнімен жиналған жұрттың ықыласына бөленді.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz