2.09.2022, 11:29
Оқылды: 36

"Ештеңе дайын емес": Павлодар облысында оқушылар білім күнін Мәдениет үйінде қарсы алған

Павлодар облысында оқушылар білім күнін мәдениет үйінде қарсы алды. Себебі, аймақтағы онға жуық мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Бұған күрделі жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуі себеп болған.

631175d193782825305064

Жергілікті билік 2 мектеп қана жаңа оқу жылына дайын емес деп есеп берген.

Ақсу қаласына қарасты Сарышығанақ ауылындағы алғашқы қоңырау мерекесіне арналған салтанатты жиын далада өтті. Мектеп жаңа оқу жылына дайын емес.  Ал оқушыларға алғашқы сабақ мәдениет үйінде өткізілді.  Жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. Жоспар бойынша  қараша айында аяқталмақ. Алайда, білім бөлімінің басшысы уақытынан бұрын бітіреміз деп отыр.

“Сарышығанақ мектебінің ремонтын осы айдың аяғына дейін бітіреміз. Барлық күшімізді соған саламыз. Балалар мектепке кіреді де, өз мектептерінде сабақтарын оқиды”, – дейді білім бөлімінің басшысы Қайрат Смағұлов.

Успенка ауданына қарасты Ольгинка орта мектебінің іші тас-талқан. Жұмыс істеп жатқан жұмысшылардың қарасы көрінбейді. Есесіне мұғалімдер мектепті жөндеу жұмыстарына өздері кірісіп кетіпті.

“Жөндеу жұмыстары бітпей жатқандықтан, өзіміз парталарды тасып, қолқабыс етіп, мердігер компанияға көмектесіп жатырмыз. Енді ынғайсыздық тудырғанымен де осы алдағы уақытта бітеді деген. Бітеді және қолданысқа беріледі деген ойдамыз”, – дейді тарих пәнінің мұғалімі Жарқынбек Пазыл.

Ал Белоусовка ауылындағы мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысты мердігерлер емес, аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің басшысы ұйымдастырып жүр. Ата-аналар әлі жөндеу жұмысы бітпеген мектепке балаларын жібермейтінін айтады.

Бұған дейін Павлодар облысының әкімі  аймақта екі ғана мектеп жаңа оқу жылына дайын емес - деген еді. Алайда, бұл сөзі шындыққа жанаспайтын секілді.

Биыл аймақ бойынша  46 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жұмыстың кешеуілдеуіне мемлекеттік сатып алу рәсімінің тым ұзаққа созылып кеткені себеп болыпты. Ал екінші бір себеп –  бір мердігер оннан аса мектепті жөндеуге алып, үлгере алмай қалған.

ulysmedia.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале