Бүгін Қаратөбе ауылының орталық базарында ауыл шаруашылығы тауарлары өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аталған жәрмеңке апта сайын ұйымдастырылуда.
Өткен сенбіде өткізілген жәрмеңкеде Қаракөл, Жусандыой, Сулыкөл, Егіндікөл, Қаратөбе ауылдық округтерінің кәсіпкерлері қолжетімді бағамен халыққа тауарларын ұсынған болатын.
Бүгінгі жәрмеңкеге ертемен орталық базарға келген аудан тұрғындары табиғи таза өнімдерді сатып алуға асықты.
Жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер жеміс-жидек, көкөніс, ет, сүт өнімдерін және мал азығын саудалады.
Нарықтағы бағаға қарағанда жәрмеңкедегі өнімдер төмен бағамен сатылуда. Саттыққа шығарылған сиыр етінің бір келісі - 2000 теңге болса, тары-талқан – 1400 теңге, сары май – 5 мың теңге, қайнатылған құрт - 1500 теңге, тазартылған балықтың келесі - 1200 теңгеден саудаланды.
Орал қаласынан әкеліп саудаға шығарған қызанақтың келісі – 200 теңге, қияр – 200 теңге, сәбіз – 150 теңге, алма – 150 теңге, қарбыз – 100 теңгеден саттыққа қойылды.
Ауылшаруашылық өнімдерінің саудасына Қоскөл ауылдық округінен «Батыс» шаруа қожалығы өздері еккен тарының 1 тоннасын, арпаның 2 тоннасын әкеліп, әр қабын 3000 теңгеден саудалады. Жәрмеңкеде мал азығы бір бума шөп 4 мың теңгеден сатылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізу нарық бағасынан әлдеқайда арзан және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, аталмыш жәрмеңке апта сайын жалғаса бермек.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz