5.09.2022, 15:45
Оқылды: 65

Келесі жылы жанармай бағасы қалай өзгеруі мүмкін - министр болжам жасады

ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов келесі жылы жанармай бағасы қалай өзгеруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7

«Бұған дейін де айтқанымыздай, келесі 180 күнге арналған бірлескен бұйрыққа қол қойылған. Жылдың соңына дейін баға өзгермейді. Келесі жылы қалай болатынын көреміз. Әріптесім Мағзұм Маратұлы айтты ғой, бағаның айырмашылығы қазіргі уақытта едәуір болып тұр. Екі жыл бұрын Ресей мен Қазақстандағы баға айырмашылығы 60-80 теңге болатын. Ал Қырғыз Республикасымен тіпті бірдей еді. Кейінгі екі жылда парқы қалай өзгергені өздеріңізге мәлім – екі есе айырмашылық бар. Бағаның қалай болатыны нарыққа байланысты. Бірақ соншалықты қатты өседі деп жоспарлап отырған жоқпыз», - деді министр.

Оның мәліметі бойынша, қазір ішкі нарыққа жеткілікті жанар-жағармай шығарылып жатыр.

Ал бұл – қазақстандықтар үшін жанармай бағасы айтарлықтай өспейтінін білдіретін көрсеткіш.

«2020 жылы тамыз айында нарыққа 424 мың тонна дизель жеткізілген. Ешқандай тапшылық болған жоқ. Былайғы халыққа да, диқандарға да еркін ежткен. Биыл тамыз айында 517 мың тонна жеткіздік. 2020 жылғыдан 100 мың тонна артық деген сөз. Кей стансалардың дизель жоқ дегені, Мағзұм Маратұлы айтқандай, көлеңкелі экспортқа байланысты. Одан кейін бізде транзиттік көлік көп өтеді. Сонда да өз өнімдеріміз өзімізге жеткілікті болып тұр. Яғни, келесі жылы да баға айтарлықтай өседі деген болжам жоқ. Қабылдаған шаралардың бәрі нарықты ретке келтірген кезде анық болады. Ешқандай бағаны қатты көтеру мәселесі жоспарда жоқ», - деді Энергетика министрі.

 

Фото: ortcom.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале