Өткен аптада Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұлов атындағы орта мектепте дарынды балаларға арналған «Білімді ұрпақ - қуатты Қазақстан» Құрмет тақтасының ашылу салтанаты өтті. Шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова, мектеп директоры Гүлмира Ұзақбаева, аудан ардагерлері мен ата-аналар және оқушылары қатысты.
Кеңес Одағының батыры Садық Жақсығұлов атындағы орта мектебі - 60 жылдан астам тарихы бар білім ордасы. Бүгінде талай шәкіртке білім беріп, Отанымыздың игілігіне қызмет атқаруға өмірлік жолдама берген мекеме. Шара барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басышысы Айгүл Қадырбайқызы қатысушыларды Құрмет тақтасының ашылуымен құттықтады.
«Биылғы жылды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Балалар жылы" деп белгілеген болатын. Осыған орай елімізде бірқатар шаралар өткізілуде. Бүгін, міне, баршамыз дарынды балаларға арналған Құрмет тақтасының ашылуының куәгері болып отырмыз. Баршаңызды осы айтулы күнмен құттықтаймын. Оқушыларымыз тек биіктен көріне берсін»,- деді аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы.
Шара барысында Құрмет тақтасына енген дарынды балаларға ұйымдастырушылар атынан куәлік табысталды. Айта кетсек, аталмыш Құрмет тақтасының дизайнері «Азамат» ЖК иесі Азамат Жалбуров болып табылады.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz