«Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заң жобасы әкімшілік-аумақтық құрылымды оның ішінде үш жаңа облысты қайта құру жағдайында, сондай-ақ Мемлекет басшысының бюджетаралық қатынастарды кешенді реформалау жөніндегі қаңтардағы тапсырмаларында қойған міндеттерін ескере отырып әзірленді»,- деді вице-министр.
Азамат Әмриннің атап өтуінше, жалпы сипаттағы жаңа үш жылдық трансферттер жаңа тәсілдер ескеріле отырып есептелген және Үкіметтің алдына қойылған негізгі міндеттерді шешуге, оның ішінде өңірлердің қаржылық дербестігін кеңейту, халық үшін әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін теңестіру, сондай-ақ орталық пен өңірлер арасындағы трансферт көлемін біртіндеп қысқарту жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталған.
«Үкімет биылғы үш жылда өңірлерге шамамен 300 млрд теңге көлемінде қосымша түсімдерді беру тәжірибесін жалғастырды. Бізде шағын және орта бизнестен корпоративті табыс салығын берудің оң тәжірибесі бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ғана асыра орындау 70,8 пайызды құрады. Мұның алдында үш жылдық кезеңге берген салықтық демалыстардың биыл аяқталуы қосымша серпін береді. Болжам бойынша өңірлердің кірісі 2022 жылы 4,3 трлн теңгеден 2025 жылы 6,1 трлн теңгеге өседі», - деді ол.