11.09.2022, 15:32
Оқылды: 48

Көкөніспен қамту деңгейі артпақ

Өңірімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар құрамына кіретін картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат сықылды көкөніс өнімдерімен облыс тұрғындарын толықтай қамту бағытында іс-шаралар қолға алынуда. 2025 жылға дейін бұл мәселені толыққанды шешу күн тәртібіне қойылды. Соған орай облыс әкімі Ғали Есқалиев аудандарға, соның ішінде өсімдік шаруашылығы жақсы дамыған аудандарға барған кезде осы мәселеге жіті мән береді. Әсіресе көкөніс, бақша дақылдарын өндіріп қана қоймай, оларды сақтау үшін қоймалардың салынуына назар аударып жүр. Бәйтерек ауданына жасаған сапары барысында Мичурин ауылдық округіндегі «Жаңа әлем» шаруа қожалығына сол үшін арнайы барды.

IMG-20220911-WA0055
Құрылғанына он шақты жылдай болған шаруашылық пияз, сәбіз, қызылша егумен айналысады. Қожалық меншігіндегі 279 гектар егістік жердің 74-іне көкөніс дақылдары егілген. Оның 50 гектарын пияз алып жатыр. Қалғанына, яғни 8 гектардан сәбіз, қызылша, қияр алқаптарына арналған. Сыйымдылығы үлкен жүк көліктері осы жерден бақша дақылдарын тасып жатыр. Мәселен, пияздың әр келісінің көтерме бағасы 70-75 теңгеден сатылуда.

- Бұл жердегі баға сауда орындарына жеткенше біраз өсетіні белгілі. Оны жасайтын делдалдар. Соған байланысты сіздер ірі сауда орындарымен тікелей жұмыс істесеңіздер баға көп көтерілмес еді. Егер делдалдар келсе, оларға 70 теңгеден алып, 90 теңгеден сатсаңыздар деп айтып, талап қойсаңыз, қарапайым халыққа тиімді болар еді, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов.

Қожалық биыл сыйымдылығы 3,2 мың тоннаны құрайтын қойма салуды қолға алды, оны жыл соңына дейін іске қоспақшы. Айта кету керек, толық автоматтандырылған әрі еденнен желдетілетін мұндай қойманың баламасы елімізде әлі жоқ көрінеді. «Жаңа әлемнің» жұмыстарымен танысқан өңір басшысы қожалықтың қызметіне жоғары баға берді.

IMG-20220911-WA0051

- Жиым-терім жұмыстары әлі жүріп жатыр. Біз пияздан 3,5 мың тонна өнім алуды көздеп отырмыз. Жартысын қоймаға саламыз. Сөйтіп жергілікті көкөніс өнімдерімен облысымыздың нарығын жыл бойы қамтып тұруға үлесімізді қосқымыз келеді, - деді аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Анатолий Кан.
Айта кетейік, биыл Бәйтерек ауданында 1597 гектарға бақша өнімдері егілді. Оның 58 пайызы жиналып, орта есеппен гектарынан 177 центнер өнімділікпен 16167 тонна өнім алынды.

Сәкен Мұратұлы,
Бәйтерек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале