«Отбасы - шағын мемлекет. Мен – президент, сен – премьер» деп ақын Қ. Аманжолов айтып өткендей, шынында отан отбасынан басталады. Отбасы мемлекеттің үлкен бір бөлшегі. Соның ішінде жанұяның береке - бірлігі әр сәбидің, әр баланың болашақ қадамы.
Ата-ананың міндеті баланы бағып-қағып, олардың денсаулығы дұрыс болып, жетіліп өсуін қамтамасыз ету ғана емес. Ата-ананың басты парызы – балаға дұрыс тәрбие беру. Балаға білім беру, бас құрап, үй болып, аяққа тұрып ел қатарына қосылып кеткенінше қамқор болу сияқты асыл міндеттер парыз һәм қарыз. Осындай ізгілікті балаға беру жолында ата–анамен бірге мемлекет те аянып қалмағандай. Оған дәлел кеше ғана ел президентінің халыққа жолдауында баса көрсетілді. Адам капиталын дамыту – ұлт сапасын арттырып, қоғамның ілгері басуына бастайтын іргелі бағыт екенін әуелден басшылыққа алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пәрменді бастамалар көтеріп, ілкімді істердің атқарылуына ықпал етіп келеді. Әсіресе, болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Биылғы жылдың өзін «Балалар жылы» деп қабылдауының өзі болашағымызға деген ерекше қамқорлығы емей немене?
Ұрпақ қамын ойлаған ұтымды бағдарлама
Осы орайда Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарламасын халық ұлт байлығының үлесін сезінер үлкен бастама санап, үміт артып, қуана қабылдады. Әрбірден соң, бұл бағдар¬ламаның ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция екені анық.
«Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы.
Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан, мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын.
Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады.
Әлем елдерінде...
Жаhан жаңалықтарына құлақ түрсек, ресми мәліметтерде мәселен
Кувейт елінде де дүниеге келген әрбір нәрестенің атына автоматты түрде банктен шот ашылады екен. Және оны пайдалануға есепшот иесі ғана құқылы. Шот ашылғанда мемлекет тарапынан салынатын алғашқы сома 3 мың АҚШ долларына тең. Әрі қарай жыл сайын өсіп отырады. Сонымен қатар ата-аналар да шотты толықтырып отыруына болады.
Ирландия – балаларға депозит түрінде ақша төлейтін Еуропадағы жалғыз мемлекет. Мұнда мемлекет әр бала үшін 2 500 доллар төлейді. Баланың ата-анасы ақшаны үш бөліп алады. Алғашқы аз бөлігі нәресте туған кезде беріледі. Ал екінші бөлігін бүлдіршін төрт жасқа толғанда ала алады. Қалғанын бала 12 жасқа толғанға дейін алуы керек. Мұның сыртында бала жеті жасқа толғанша ай сайын 150 доллар жәрдемақы төленеді (2008 жылғы дағдарысқа дейін жәрдемақы 18 жасқа дейін төленген).
Сингапурда да әрбір сәбиге дүниеге келген сәтте банктен шот ашылады. Оған мемлекет 3 мың сингапурлық доллар (шамамен 2 мың АҚШ доллары) қаржы салады. Ал отбасындағы келесі балаларға бұл ақша 6 жастан бастап төленеді екен.
Әлем елдерімен иық тіресіп келе жатқан біздің елдің де осындай бастамалары шынымен көңіл қуантады. Және осыған қоса 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем мерзімі бір жарым жасқа дейін ұлғайтылғаны да көп ананы қуантып тастағаны рас. Сондай-ақ президенттің бұл бастамалары болашақта бала туу көрсеткішінің өсуіне немесе қазіргі деңгейде сақталуына себеп болуы мүмкін.
Ауданда...
Арыға бармай ауданның өзіндегі көп балалы отбасыларды қарастырсақ, бүгінде 692 көпбалалы отбасы бар. Былтыр 612 отбасын құраған болса, биыл айтарлықтай өсім барын көрсетеді. Осының ішінде 180 отбасы мүмкіндігі шектеулі, ерекше күтімді қажет ететін балаларды өсіріп отырса, 115 отбасы мемлекеттік жәрдем ақы алып отыр. Міне осындай отбасыларға жоғарыда аталған балаларға жасалатын қамқорлық, тағы да әжептәуір көмек болар еді.
P/S: Жаңа Жолдау бұл әлбетте, ел табысының шарапатын әр шаңырақтың сезінуінен байқалады. Осы орайда балаларға жасалғалы жатқан мемлекет «сыйлығы» ел болашағына деген үмітімізді арттырып, сенімімізді нығайта түсетін қадам болады деп ойлаймыз. Себебі отбасы мемлекеттің құндылығы, қоғам бірлігі.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы,
zhaikpress.kz