Кеше Казталов ауданының орталығында 24 пәтерлік екі қабатты 2 тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық бағдарламасы аясында салынған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
Өңір басшысы аудан жұртшылығын айтулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, пәтер иелеріне баспана кілтін табыстады.
Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысымен «Нұр Құрылыс-болашақ» ЖШС жүзеге асырған жобаның арқасында 24 отбасы баспаналы болды.
Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 2, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар – 8, көп балалы отбасылар – 5, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік және әскери қызметкерлер – 5, жалғыз тұрғын үйі ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен апаттық деп танылған азаматтардан – 4 отбасы баспанаға ие болды.
Ғали Нәжімеденұлы ауданымызға сапары барысында халық қуанышымен бөлісіп қана қоймай, 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысып, Қараоба ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Апаттық деп танылған А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің оқушылары ағымдағы жылы жаңа, заманауи мектептің қабырғасында білім алады деп жоспарланған болатын. Дегенмен пандемияның әсері мен экономикалық дағдарыс, әлемдегі саяси ахуалдың тұрақсыздығы құрылыс материалдарының бағасын құбылтып, салдарынан бірқатар нысандардың құрылысы тұралап, баяулады.
Аудан орталығындағы мектептің де белгіленген мерзімде тапсырылмауына құрылыс жабдықтарының қымбаттауы себеп деген болатын мердігер. Мердігердің пікірін ескерген өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуіне назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар облыс әкіміне ауданымыздағы білім саласында жүзеге асырылып жатырған құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары таныстырылды.
Аймақ басшысы ауданымыздың Қараоба ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, халық үніне құлақ түрді. Әкімге округтегі күрмеулі техникалық су, ауыз су, жол, ауылішілік жолдар мен жаяу жүргінші жолдарын салу, дәрігерлік амбулаторияның ахуалы, Ғ.Қараш атындағы мектеп-гимназияны күрделу жөндеуден өткізу жұмыстарын жүргізу жөнінде сауалдарын жолдады.
Ғали Нәжімеденұлы округтің даму қарқынына жоғары баға беріп, тұрғындардың сауалына егжей-тегжейлі жауап берді. Сонымен қатар бірқатар мәселеге қатысты өзінің ұсыныстарын да атап өтті. Ол халықпен кездесу жиыны ұйымдастырылған мәдениет үйінде округте атқарылған жұмыстармен, «Ғалым» шаруа қожалығының ауылшаруашылық өнімдерімен танысып, оң бағасын берді.
Сондай-ақ, «өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деген округ тұрғындарын жеке қабылдады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz