БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің аудандарға сапары Жаңақалада жалғасын тапты. Өңір басшысымен кездесуге саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мүшелері және Бірлік ауылдық округінің тұрғындары қатысты. Кездесудің басым бөлігі сұрақ-жауапқа бағытталғандықтан, ашық форматта өткен жиында тұрғындар толғандырған мәселелерді еркін түрде ортаға салды.
Алдымен аудан әкімі Дархан Закарин аудан көлемінде атқарылған жұмыстарына тоқталып, алдағы міндеттерді атап өтті. Одан кейін облыс әкімі Ғали Есқалиев даму көрсеткіштері көш бойы озық өңіріміздің жай-күйіне тоқталды. Президент Жарлығымен биылдан бастап әкімдердің тұрғындармен кездесу мерзімдері мен өткізу форматы өзгертілген болатын. Осыған орай жиын барысы еркін пікір алмасуға ұласты.
Еділбай қойының Отаны саналатын Бірлік ауылының тұрғындары өз кезектерінде шешуін таппай жүрген өзекті жайларын жеткізді. Тұрғындар тарапынан шабындықтарға уақытында су беру жұмыстарының баяулығы, электр жүйесіндегі айтарлықтай олқылықтар, мектеп, балабақшаның күрделі жөндеуі, кірме жолдардың сын көтермейтіндігі жөнінде бірнеше ұсыныс, өтініштер айтылды. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы аталған мәселелерді зерделеп, тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Кездесу барысында бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары мемлекет қаражатын күтіп отырмай қолдан келгенше кейбір мәселелерді жұмыла көтеріп, тиімді шешімдер қабылдаған істерін тілге тиек етті. Сұрақ-жауап форматында өткен жиынның соңы облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауымен жалғасты. Толығырақ "Жаңарған өңір" газетінің келесі санында жарияланады.
Зара Жәрдемова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz