16.09.2022, 12:23
Оқылды: 78

Жайық пен Көкше жұртшылығына ортақ тұлға

Оралдағы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық онлайн-конференция өтті. Конференцияның беташарында «Би ағаның биігі» атты бейнефильм көрсетілді.

9

- Жайық елі алты алашқа аты әйгілі шешенді де, биді де, батырды да, ақынды да дүниеге әкелген қасиетті өлке. Осы киелі топырақта туып, өсіп, көзі тірісінде бүкіл бір өңірдің абызы болған Бисен ағамыздың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Оның өнегелі өмірін жас ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отырған «Бисен Жұмағалиевтің өрелі еңбегі, өшпес ерлігі, өнегелі ғұмыры» тақырыбындағы республикалық конференцияға қош келдіңіздер, - деді конференцияға модераторлық етуші, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Біржан Кухаев.

Жиында алғы сөз сөйлеген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қуанышбек Мұқанғалиев ардагер ағаның кезінде өңірдің дамуы мен өркендеуі жолында атқарған ісі жұртшылықтың көз алдында екенін, бүгінгі шараның осында қатысып отырған студенттер  үшін үлгі-өнеге болатынын, сондай-ақ Бисен ағаның тұрған үйінде мемориалдық тақта ашылатынын мәлім етсе, тарихшы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз сөзінде бұл шараның ғанибетті іс болғанын ризашылықпен айтты.

3

–Бисақаң Жайық өңірінің ғана емес, қазақ халқының ұлы. Бала кезінен-ақ көсемдік қасиеті байқалды. «Бірі-Жайық, екіншісі-Көкше дейтін екі шағын Отаным бар» - деп мақтанышпен айтып отыратын. Көкшетауда 30 жыл ғұмыры өтті. Әншілік өнері де болатын, ұлылар шығарған деп ылғи Көкше жайында жазылған Ақан Серінің, Біржан салдың, Сәкен Сейфуллиннің әндерін шырқайтын. Кеңестік партия және саяси қайраткер Валериан Куйбышевтің ата тегі қазақ екендігін дәлелдеп кетті. Жалпақтал ауданында Бисен Жұмағалиевтің қарамағында қызмет істедім. Ол ауданда хатшы болғанда, мен мектепте директор едім. Оның тұсында Жалпақтал айтарлықтай өзгерді, ауданның шаруашылықтары дамыды, ел гүлденді. Малшы-шопандардың үйінде  кітапханасы болды. Нағыз рухани жаңғыру Жалпақтал өңірінде орын алды десе де болғандай. Жалпақталдың экономикасын зерттеудің нәтижесінде ол еліміздің бүтін экономикасын зерттеді деп айтсақ, қателеспейміз. Мұрат жыраудың өлеңдерін жатқа айтатын, Жамбыл Жабаевтың әзіл және аңыз әңгімелерін аузынан тастамайтын. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдарда облысымызды басқаруға келген әкімдер Бисақаңды өздеріне кеңесші етіп тағайындап, ақыл-кеңесіне жүгінді. Біз  Бисақа десек, көкшетаулықтар одан да асырыңқырап Биаға деп атады, - деді Жайсаң Досболатұлы.

 

Бұдан кейін Бисен ағамыздың көзін көрген еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин «Есенсай» совхозында директорлық қызмет атқарғанда Бисақаңның өзіне аға ретінде ақылын айтып, іс жүзінде көмектескені жөнінде мысалдар келтірді.

1

 

–1968 жылы егін жақсы шықты. Бисен аға сол жылы егін орағы басталарда ауылға келді. Егінжайды аралап көрді. Сосын кеңсеге келдік. «Егіннің әр гектарынан қанша центнер бидай аламыз деп жоспарлап отырсың» деп сұрақ қойды. Мен «арық айтып, семіз шық» деген принципті бетке ұстап: «5-6 центнер алатын шығармыз» деп едім, Бисақаң: «Егін шаруашылығын білмейтін неғылған директорсың, дұрыстап орсаңдар, гектарына 13-14 центнерден еркін аласыңдар, қанша комбайн егіске әзір?»-деді. Мен алты комбайнның дайын тұрғанын айтқанмын. Обком хатшысы: «Алты комбайнмен алты центнер де бидай ала алмайсыңдар»-деді нығырлап. Арада он күн өткенде біздің совхозға су жаңа 10 комбайн бөлгізіп, сонымен бірге он комбайншыны жіберді. Сөйтіп сол жылы Бисақаң айтқандай, гектарына 13-14 центнерден өнім алып,егінді төкпей-шашпай жинап, қамбаға құйдық,-деді ол өз естелігінде.

4

Ақын Айтқали Нәріков жалын атқан жастық шағында газетпен араласып жүрген жігіттерді Бисен ағамыздың осы салаға бейімдей білгенін,  өздеріне аға ретінде ақыл айтып, қамқоршы болғанын, орыстанып бара жатқан Көкшетауды қазақы қалыпқа келтірудегі еңбегін айтып, көз көргендер тірі тұрғанда, қадірменді ағамыздың аты өлмей, мәңгі есте сақталатынын айтты.

13

Бисен Жұмағалиевтің қызы Баян Жұмағалиева әкесінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті арқылы Дінмұхамед Қонаевтың жылы ілтипатына бөленгенін, Ақ Жайықты екінші Отаны санаған әлемге әйгілі жазушы Михаил Шолоховтың шынайы досы бола білгенін, «Шолохов Қазақстанда» атты екі кітап жариялап, достық пейілдің шынайы дәнекері болуға атсалысқанын әңгімеледі. –Әкем «Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады» деген принципке сүйенетін интернационалист болды. Оның осындай мінез-құлқы маған жұққан. Жұбан Молдағалиев та әкемнің досы еді. Онымен жиі араласып, құраласып жүретін. Азамат деген баламның дауысы Жұбанға тартқан. Жұбан ағадай даусы күшті, зор,-деді ол өз сөзінде.

10

- Бисен ағаның есімін жыл сайын айта беруіміз керек. Ол Көкшетауда жақсы ізін қалдырды. Бисақаң облысымызда құрылған Д.Қонаев қорының жұмысына белсене араласты. Ол кісі туралы көп білетін. Оны «Асқарлы алып тұлға», «Тау тұлғалы Димекең» атты мақалаларында бірсыпыра баяндады. Бисақаң қаншама лауазымы үлкен қызметтер атқарса да, ешқандай өркөкіректігі, менмендігі жоқ, барынша әділ, сыпайы адам еді,- деп еске алды ауыл шаруашылығы саласына еңбегі сіңген ардагер Нұрлан Ізтілеуов.

2

 

Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев осындай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін және осында отырған көпті көрген, естігені, көкірекке түйгені мол ағаларымыздың жастар үшін тірі тарих болатынын, бүгінгі шарада олардың аузынан бұрын естілмеген тың әңгімелердің шығып отырғанын тілге тиек ете келіп, Бисен ағаның Кіші Жүздің шежіресін жатқызып, тұрғызып айтатынына тоқталып, өзінің қадірменді ағаға арнаған «Абыз» атты өлеңін оқыды.

11

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әленғали Кереев Бисақаңды жерлеу рәсімінде Ақжайық ауданының жұртшылығы атынан қоштасу сөзін айту бұйырғанын,  соңғы сапарға аттанып бара жатқан  асыл ағаға деген қимастық көңілін білдірудің өзі үшін бір бақыт екендігін  толғаныспен жеткізді.

12

Шарада сөз сөйлеген еңбек ардагері Роза Көжекова еңбекқор, аты аңызға айналған ағамен идеология саласында қоян-қолтық қызмет істегенін мақтан тұтатынын, оның зиялы қауымды жақсы көріп, құрметтегенін, олармен бас қосқанда опералардан ариялар орындап, белгілі ақындардың өлеңдерін оқып беретінін, әсіресе, Қасым Аманжоловтың жырларын жатқа білетінін баян етті. Жиында жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы, Бисен ағаның туысы Біржан Сапиев ардақты ағаны жан дүниесі толқып, тебіреніспен еске түсіріп, өздері білетін естеліктерімен бөлісті.

14

Сондай-ақ шарада Көкшетау қаласынан онлайн байланысқа шыққан Бисен Жұмағалиевпен сол облыста қызметтес болған азаматтар мен азаматшалар оның Көкше өңірінде елге елеулі, халыққа қалаулы іскер, білімді, ұйымдастырушылық қабілеті мол адам ретінде мәңгі есте сақталатынына айқын дәлелдер келтіре отырып мәлім етті.

                                                                    Нұрымбек Жапақов,

                                                                    zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале