Өткен апта соңында бір мезгілде еліміздің барлық қалаларында «Халық заңгері» акциясы өтті.
Осындай іс-шара Орал шаһарында да ұйымдастырылып, оған облысымыздағы түрлі мемлекеттік құрылымдардың басшылары мен өкілдері, өңіріміздегі үздік заңгерлер және білікті адвокаттар қатысты. Мұндағы мақсат – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыра отырып, кейбір түйткілді жайлардың тінін бірлесіп тарқату.
Акция бойынша жиналғандарға өздерін толғандырып жүрген барлық құқықтық мәселелер мен даулар бойынша тегін заңгерлік көмек көрсетілді. Әсіресе, ПИК пен жер қатынастары басқармасы басшыларына сауал қойған тұрғындар қатары көп болды. Жалпы акция барысында 250-ден астам адам түрлі бағытта түсінік алды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен азаматтық заңнама төңірегінде де сұрақ-жауап аз болған жоқ.
Аталмыш акцияны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz сайты және «Параграф» ақпараттық жүйесі бірлесіп ұйымдастырды.
Бақытжан Ордабаев,
zhaikpress.kz