«Биыл шөп бағасы қалай болар екен?» деп елеңдеген ағайынның көңіл күпі басылды.
Шабындыққа шалғы түскенде «шөп қымбатшылығына жол бермейік» деген ауданның белсенді азаматтары үндеуінің әсері ме, әлде ауыл шаруашылығымен айналысатын құрылымдарға үкімет берген жеңілдік сеп болды ма, Теректіде пішен қымбат болған жоқ.
Әйтеуір, қалай болғанда да мал ұстаған тұрғындар үшін қуанарлық жағдай – 300 келілік бума шөптің бағасы 4000-6000 теңге шамасында болды.
Бұл жөнінде ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі төмендегідей мәлімет беріп отыр: округтердің денінде бір бума шөп 5000 теңге тұрады. Ұзынкөлде шөп бағасы 4500 теңге. Ең арзан шөп – Шалқар мен Шағатайда!
Ерте қамданған халық қорасына шөп үйіп алғаны анық. Кешеуілдеп алғандар болса, сенбілік жәрмеңкелерге шығып, жем-шөп алуына болады.
Мал азығымен тұрғындарды қамтамасыз ету үшін ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, арнайы жәрмеңке ұйымдастырады. Мысалы, Теректі ауылында «Сүйін ұрпағы», «Исембек», «Шарақап» қожалықтары бір бумасын 5 мың теңгеден шөп сатады. «Ганиев Г.Г.» қожалығында бір қабы 3600 теңгеден арпа бар.
Жалпы, биыл мал азығына салынған дәнді дақылдар шығымы да жақсы. 3052 гектарға салынған күздік қара бидайдың өнімділігі гектарына 9 центнерден түскен. Жаздық арпа, тары және сұлы түсімі гектарына 9-11 центнерден. Қазір шаруашылықтар егістік жиын-терінді аяқтай келді.
Қазір ара делдалсыз, өндірушіден тікелей жеткен шөптің де, жемнің де бағасы қолжетімді. Яғни, қыстық азықты жинап алуға мүмкіндік бар.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz