Биыл Теректі ауданында екі мәрте қорадағы үйілген шөптен өрт шықты.
Шілдеде Богданов ауылдық округіндегі іргелі шаруашылық «Родина» ЖШС аумағындағы жиналған шөп отқа оранды. 3600 шаршы метр жерге ойран салған жалын жалпы 600 тонна пішенді жоқ қылды. Қаншама еңбек әп-сәтте зая кетті. Шығын да аз емес.
Күні кеше аудан орталығында «қызыл әтеш» екі үйдің қорасындағы шөпті «жеп кетті». Әзірге өрт шығу салдары мен себебі анықталып жатыр. Дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ» деген. Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері Бибарыс Нығметжанов шөп маялау кезіндегі және оны өрттен сақтау шараларын қаперде ұстауды ескертті.
Пішен сақталатын орындарда:
- Бір мая пішен сақталатын алаң 300 шаршы метрден, ал тайлап буылған пішен мен сабан сақталатын алаң 500 шаршы метрден аспауы;
- Пішен үйетін жəне сақтайтын алаңдар мен орындардыөткен жылғы қалдықтардан тазалау;
- Шаруашылықтардағы шөп үйетінжəне сақтайтын орындарды өрт сөндіретін су қорымен қамтамасыз ету;
- Шөп сақталатын орындарда найзағай тұтқыш орнату;
- Шөп үйілетін аулалар мен маялардың арасында міндетті түрде 20 метрден кем емес арақашықтық қалдыру;
- Қатарлар мен маяларды парлап орналастырғанда аралары 6 метрден, ал көрші парлар кемінде 3 метрден кем болмауы;
- Пішен сақтайтын жерлердің аумағында жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы техникаларының түтін шығатын тұрбалары мен басқа да жүйелері мұқият жөнделіп, ұшқын сөндіргіштермен қамтамасыз етілуі;
- Пішен қоймаларында өртке қарсы қатаң режим, сенімді күзет орнатылып, оған бөтен адамдардың, әсіресе, балалардың кіруіне жол бермеу.
Осы шаралардың барлығын орындағанда біз дайындалған жем-шөптің толық сақталуын қамтамасыз етеміз.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz