21.09.2022, 9:45
Оқылды: 94

«Кешікпей келем деп ең»

Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен белгілі ақын Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай осындай атаумен әдеби-сазды кеш өтті. Оған үлкенді-кішілі кітапхана оқырмандары мен жырсүйер қауым қатысты.

4

«Мұхтар аға – шындықтың шырағданы» бейнебаянмен басталған іс-шара кітапхана қызметкерлері ыждағаттылықпен дайындаған қойылымдармен ерекшеленді.

Алғашқы қойылымда Сәуле деген қыздың 16 жасын тойлауға келген жастар ақын жырларын оқып, отырыстың сәнін келтірді. Туған күн дастарханындағы ақ тілек те, мұң-зар да ақын шығармасы арқылы әдемі өрілді. Сәуленің «жекеменшік» тойына гүл алып, келген қуанып Жамбыл ауылдық кітапханасының кітапханашысы Фарида Амандәулетованың орындауындағы «Туған кешіндегі» ән дастархан басындағыларға да, көрермендерге де серпіліс сыйлады.

3

Аманат ауылдық кітапханасының кітапханашысы Азамат Нұртаев ақынның «Жігітті жігерлендіру» өлеңімен жиналғандарға жігер сыйлай білді.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері мен оқырмандар бірлесіп дайындаған «Ғайша жеңгей» бейнепоэзиясын бейжай қарау мүмкін емес. Мұнда «Ғайша жеңгей сүйген жарын аттандырды майданға…» деп келетін поэма жолдарында баяндалғандай үш жыл, бес жыл күтіп, болмаған соң ақыры көршi қартқа (рөлде – кітапхана оқырманы Сайын Құсайынов) ерге шыққан келіншектің (ОКЖ библиографы Фарида Азбантаева) қиын тағдыры боямасыз берілген. Арман болған күйеуiнің (ОКЖ қызметкері Ғиылман Бекталиев) аман-есен оралуы, Ғайшаның шашын жайып, күйеуінің аяғына құлауы, ағыл-тегіл жылауы, зарлауы, соңында еңісте долданып тасып жатқан асау Ақсу өзеніне барып өзін суға тастауын, яғни сәлден кейін сорлының жағада жатқан оралмалын көргеннен кейін көзіне жас алғандар да болды. Айта кетейік, бейнепоэзия сценарийін ОКЖ бөлімінің меңгерушісі Ақгүл Абдрахманова дайындаса, кітапхана оқырманы Зейнұр Сақтай мәтінді оқыды. Рөлдерде сондай-ақ библиограф Нұрлыбай Сәкенов, кітапханашылар Дина Мәмбеталиева, Динара Насыровалар ойнады.

1

Ақынның сөзіне жазылған «Өмір өзен» (орындаған Болашақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Айнагүл Қарабалина), «Мен туралы ойладың ба бақтарда?» (орындаған жас кітапханашылар Нұрлыбай Жұбанышұлы мен Динара Насырова) әндерін көпшілік ұйып тыңдады. Жалпы бұл кеште оқылған жыр да, әуелеген ән де аз болған жоқ.

2

Осыдан он жыл бұрын, яғни өзінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында сұхбат берген Мұхтар Шаханов «Мен өзі даңғаза, дабыраға жоқ адаммын. Бірақ қазірдің өзінде телеарна, ғаламтордан көріп, радиодан естіп, газеттерден оқып жатырмын, ел аумағындағы көптеген мектеп, кейбір білім ордасы, кітапхана, қоғамдық ұйымдар менің мерейтойымды өздерінше атап өтуде екен. Олардың бәріне шын жүректен алғысымды айтамын» деген еді. Егер даңқты қаламгердің өзі бұл кештің куәсі болса, осы кешке келгендер секілді бір серпіліп, риза болып аттанары анық.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале