22.09.2022, 9:30
Оқылды: 51

Құрылыс қарқынды, уәде – қазан айы

Қаратөбе ауданының Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын елді мекенін биыл көктемде су басты. Нақтырақ айтсақ, су тасқыны ауылдағы 23 үй мен мектепті, амбулатория секілді әлеуметтік нысандарды жарамсыз етті. 

32cf5b03-0eee-4361-80eb-2c823bca8c70

Аталмыш ауылды қалпына келтіруге «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсететін болды. Десе де, шалғындықтар тұрғын үйлердің құрылысы баяу жүріп жатқанын айтып, дабыл қағуда.

«Қыс қыр астында, қарекет қалай?» деген ниетпен өткен аптада Шалғын елді мекеніне барып келдік.

Шалғындықтарға қандай көмек көрсетілді?

Қырық шақты түтіні, 200-дей тұрғыны бар Шалғын ауылы Батыс Қазақстан облысы мен Ақтөбе облысының шекарасында орналасқан. Аудан орталығы Қаратөбеден тікелей дала жолымен жүргенде 120  шақырым.

Жолай бұл ауылға қардың суы қалай келгенін сұрастырдық. Оқиға былай болған екен. Жалпы Шалғын ауылы – Шилі деген өзеннің жағасында, бірақ шағылда орналасқан. Су келетін реті жоқ. Жері құмды. Мектеп айналасы да уақытында қардан тазартылған. Жылда ауыл іргесінде шағылдан еріген су сайларға ағып барып, өзенге құйылатын көрінеді. Биыл, наурыздың 28-і күні таңда жердегі тоң еріп үлгермей, қар суы терең жолмен ағып келіп, ауылға кірген. Сол күні таңда бір қожалықтың тракторы осы жерден өтіп, су ағып жатқан арнаның бір шетін бұзып жіберген. Содан су лап қойып, мектеп ғимаратына кіріпті. Екі күннен соң, яғни 30 наурыз күні ауа райы күрт жылынып, еріген қар суы ауылға тағы кіріпті.

Су тасқынынан зардап шеккен шалғындықтарға қандай көмек көрсетілгенін білу үшін Қоскөл ауылының әкімі Әділет Мұсағалиевпен тілдескен едік.

– Шалғын елді мекенінде төтенше жағдай жарияланғаннан кейін селден зардап шеккен отбасылардың тізімі жасақталып, оларға көмек көрсетілді. Нақтырақ айтсақ, сәуір айында «Қызыл ай»  қоғамдық қоры Шалғындағы 21 отбасыға 8 200 000 теңге қаржылай көмек көрсетті. Ал облыстық білім басқармасының кәсіподақ ұйымы мектептегі 16 қызметкерге 2 880 000 теңге (әрқайсысына 180 мың теңгеден) және ауылдағы табыс-кірісі аз сегіз отбасыға 420 мың теңге (53 000 теңгеден) қаржылай қолдау танытты. Сондай-ақ «AMANAT» партиясынан 22 отбасыға 100 мың теңгеден берілсе, «Менің Қаратөбем» қорына жинақталған қаражаттан 21 шалғындық отбасы 220 мың теңгеден көмек алды. Бір отбасы 220 мың теңгеден бас тартса, енді біреуіне (Шалғын ауылында тұрмайтын) көпшілік дауыспен аталған қаражат берілген жоқ. Бұдан бөлек, «КамАЗ» аутокөлігімен бірнеше мәрте  азық-түлік, киім-кешек, кілем-паластар, оқушыларға сабақ құралдары  жеткізілді. Шалғын елді мекені тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Мал азығы бойынша қысқа дайын. Тұрғындар ауылдан басқа жаққа көшкісі келмейді. Күн суытпай баспаналарының кілтін алса, уайымдары сейілер еді. Салынып жатқан тұрғын үйлердің сапасы олардың көңілінен шығуда. Сметалық құжат бойынша бір үйге 24 миллион теңге қаржы қарастырылған. Тоғыз жылдық мектепті сақтап қалу үшін алты отбасы патронаттық тәрбие бойынша оқытылды. Бір отбасы балалар үйінен бүлдіршін асырап алды, – деді Әділет Қайратұлы.

«Іргетастың биіктігі –1,5 метр»

Біз Шалғын ауылына барғанда тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары қауырт жүріп жатыр екен. Құрылысқа жауапты мамандарды да сол жерден кездестірдік. Мұндағы 23 үй мен мектеп «Жиенбай» ЖШС-ның мердігерлігімен салынуда. «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, тұрғын үйлердің құрылысы биыл қазан айының 30-на дейін аяқталып, шалғындықтардың игілігіне беріледі.

2981e219-2336-4f02-a735-f44bb364c2ce

– Құрылыс жұмыстарына жеті бригада тартылды. Әр бригадада бес құрылысшыдан бар. Ертең қосымша тағы бес жұмысшы келеді. Электриктер жарық жүргізу бойынша жұмыстанып жатырса, сантехниктер кәріз құбырларын орнатуда. Бүгінде 22 үйдің қабырғасы көтерілді.

11 үйдің қабырғасының үстіне темірбетон арқау (армопояс) салынды. «Қазақстан халқына» қорынан қаржы кезең-кезеңімен аударыла бастады. Әр үйде салқын су мен газ болады. Әжетхана мен жуынатын  бөлмені де жабдықтаудамыз. Кей тұрғынға ауласына шолан салып алуы үшін құрылыс материалдарымен көмектестік. Жекешелендіру мәселесі  туындамасын деп жаңа баспананы ескі үйлерінің орнына салдық. Құрылыс материалдарының сапасы өте жақсы. Үш қабат салынған іргетастың биіктігі – 1,5 метр. Оның сыртында су өткізбейтін гидроизоляция, пеноплэкс жабдықталды. Күн салқындамай тұрғанда тұрғындарға баспана кілтін табыстау үшін жанталасып жұмыстанудамыз, – деді Александр Қарағойшин.

Қосалқы мердігер «Далабаев» ЖК-ның жетекшісі Толыбай Далабаевтың айтуынша, үйдің құрылысына материалдар жеткілікті. Аталмыш ЖК-ға бөлінген алты үйдің құрылысы да қазан айында аяқталмақ.

Шалғындағы мектепті де су шайып кеткен. Тоғыз сыныптық мектепте 41 оқушы білім алуда. Оқушылар қазір мәдениет үйінде оқып жүр. Мәдениет үйі сыныптарға ГВЛ арқылы бөлінген. Бүгінде 60 балаға арналған мектептің іргетасы қаланған. Ол келесі жылы пайдалануға берілмек.       Ауыл тұрғындарымен тілдескенде жаңа баспаналарының құрылысы мердігер уәде еткен мерзімде аяқталмай қала ма деген уайымдарын да жеткізді.

–  Күзгі жаңбырға қалмай, үйдің төбесі жабылса екен дейміз. Жаңбырға қалса, ағаштары пайдасыз болады. Мәселе қаржыға келіп тірелетіні анық қой. Мердігерге қаржы кеш бөлініп жатыр ма, әйтеуір құрылыс жұмыстары алдында кідірді. Көктемде су тасығанда алдымызда алты ай жаз бар ғой деп қатты уайымдамап едік. Енді күз келді. Биыл қоян жылы кіреді. Өздеріңіз білесіз, қоян жылында күн қатты суытып, боран болады. Күн салқындамай тұрғанда баспанаға кірсек деген тілегіміз бар, – деді Сапарғали Байтұрсынов есімді  шалғындық  тұрғын.

Сағындық Мұхтар есімді азаматтың айтуынша, Шалғын – мал өсіруге қолайлы мекен. Тұрғындардың ынтымағы берік.

– Құрылыстың сапасында мін жоқ. Бір қабатты үйге арматура салып, іргетасын құйды. Үйдің шатырын кері ашып, екінші қабат көтеріп алуға да болады. Сәл сабыр сақтасақ, баспананың да кілтін алармыз. Мемлекет шалғайда жатқан шағын ауылға керемет жағдай жасап беруде. Егер тұрғын үйлер мен мектеп салынып бітсе, ауылдың ажары да кіреді. Қалада пәтерден-пәтерге көшіп жүрген, бір несиені жаппай, екінші несие алып жүрген жастар көп. Солар болашақта ауылға көшіп келеді  деп  ойлаймыз, – деді ол.

Уәде

Бұл ауылдағы құрылысқа жауапты облыстық, аудандық сала басшылары аптасына екі, кейде үш мәрте келіп, жұмыс қарқынын тексереді екен. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевті де құрылыс алаңынан ұшыраттық. Оның айтуынша, Шалғынға арналған қаржы «Қазақстан халқына» қорынан бір апта бұрын түскен. Бұған дейін мердігер өз қаражатына, кейін жергілікті бюджеттен 150 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілген.

– Шалғынға тұрғын үй мен мектеп салу үшін сметалық құжат бойынша 520 миллион теңге қарастырылды. Бүгінгі таңда келісімшартқа қол қойылды. «Қазақстан халқына» қорынан қаржы өткен аптада түсті. Осы аптадан бастап қордың ақшасы мердігерге аударылуда. Қаржы неге кеш бөлінді деген сауалға тоқталсақ, Шалғындағы қар суының тасуы төтенше жағдай еді. Мұндай оқиға орын алатынын ешкім ойлаған жоқ. Су тасығаннан кейін қаржыландыру көзін іздестіре бастадық. «Қазақстан халқына» қорынан қаржы аударылатын болып шешім қабылданды. Қаржы бөлудің де әкімшілік рәсімдері бар. Директорлар кеңесі мен қамқоршылық  кеңестің келісімін күттік. Келісімшартқа қол қою үшін бір айға жуық уақыт кетті. Тұрғын үйлерді сараптамадан (экспертиза) өткізу, оның жоба-жоспарын дайындауға да қыруар уақыт қажет. Маусым айында бірнеше серіктестік басшыларын шақырып, өздерінің қаражаттарымен Шалғын және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылындағы құрылысты бастауды ұсынған едік. Сол кезде дені бас тартып, тек «Жиенбай» ЖШС мен «Жайық сити» ЖШС келісті. Осы орайда қос мердігерге алғыс айтқым келеді. Олар қордан түсетін қаржыны күтпей, маусым айынан бастап өз қаражатымен жұмысты бастады.

Бүгінде қаржы мәселесі шешілді. Құрылыста кідіріс болмайды. Келесі айдың 30-на дейін тұрғындарға баспана кілтін табыстайтынымызға уәде береміз, – деді Әлібек Сайынұлы.

Қазақта «Уәде – Құдай сөзі» деген нақыл бар. Қазан айының 30-на дейін де біразырақ уақыт қалды. Атқамінер азаматтарымыздың екі сөйлемейтініне сенейік, үміттенейік...

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале