22.09.2022, 14:45
Оқылды: 50

Кейінгі 3 жылда отандық машина жасау саласындағы өсім 20%-ға артты

Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу туралы ойланатын кез келді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушылары X форумының пленарлық отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

220922150457928e

Премьер-Министр отандық машина жасау саласының республика экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Мәселен, индустрияландыру жылдары машина жасаудағы өндіріс көлемі 6 есеге өсіп, 2,3 трлн теңгеге дейін көтерілген. Саланың өсімі кейінгі 3 жылда орта есеппен 20% болып отыр.

«Үкімет отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстарды жалғастырады. Бұл – қолжетімді бастапқы материалдармен және қаржыландырумен қамтамасыз ету, импортқа тәуелділікті азайту, жаңа өндірістерді құру және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын жаңғырту. Үкімет ашық диалогке және бизнеспен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», - деді Әлихан Смайылов.

Пленарлық отырыс аясында Әлихан Смайылов сұрақ-жауап сессиясына қатысты, онда Үкімет басшысы машина жасау өнімдерін импорттау және шетелдік компаниялардың Қазақстанға көшуі туралы өз пікірін білдірді.

«Бізде бүгінде экспортқа қарағанда импорттың үлесі басым. Бұл жағдай керісінше болуы керек. Мәселені шешу үшін жүйелі және кешенді шаралар қабылдау қажет. Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары бағдарламалық құжатын әзірлеу мен қабылдау туралы ойланатын кез келді. Себебі, ұзақ мерзімді тәсілдер ғана осы бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар, Премьер-Министр «Kazakhstan Machinery Fair» көрмесінің экспозициясымен танысты, онда 17 елдің 240-тан астам компаниясы өз өнімдері мен технологияларын ұсынды. Олар: Қазақстан, Австрия, Беларусь, Германия, Дания, Израиль, Испания, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Иран.

Одан бөлек, Әлихан Смайылов Түркияның «MAKFED» машина жасау федерациясының төрағасы Аднан Далгакиранмен кездесіп, түрік компанияларын белсенді түрде инвестиция салуға, Қазақстанда өз өндірістерін ашуға шақырды.

«Біздің еліміз тәжірибесі мол түрік компанияларымен машина жасау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі», - деді Премьер-Министр.

Айта кетейік, Астанада 22-23 қыркүйек күндері Қазақстан машина жасаушыларының X Форумы және машина жасау мен металл өңдеу жөніндегі «Kazakhstan Machinery Fair 2022» екінші халықаралық мамандандырылған көрмесі өтеді.

Форум машина жасау саласының өңірлік және халықаралық кәсіпорындары тап болып отырған сын-тегеуріндердің кең ауқымын шешетін пікірталас алаңы ретінде өзін танытты, оның шеңберінде экономиканы әртараптандыру, импортты алмастыру және жаңа экономикалық саясат тетіктері талқыланады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, о тандық машина жасаушылардың экспорт көлемі 2 млрд АҚШ долларына жетті .

Фото: primeminister.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале