Казталов ауданының Қоныс елді мекенінде "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында таза ауыз су іске қосылды. Қоныстықтардың қуаныш тойына аудан әкімі Рүстем Зұлқашев қатысып, жылы лебізін білдірді.
- Қазіргі таңда ауданда 23 ауылға таза ауыз су өткізіліп, 25 мыңға жуық адам немесе халықтың 85% таза ауыз сумен қамтылып отыр. Былтыр жалпы құны 262 млн. теңгеге Жалпақтал ауылындағы екінші су көтергіш станциясы қайта жаңартылып, іске қосылды. Мұның барлығы халық игілігі үшін жүргізілуде. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Тіршілік нәрін, ысырап қылмай, мақсатты пайдалана білсек, сарқылмас байлығымыз су қорының да бірнеше жылға жеткілікті болары сөзсіз. Мәселен, төрт-түлікті суару, шаруашылыққа қажетті суға техникалық су және көбік суларын пайдаланып, ауыз суды мақсатты пайдаланар болсақ ұтылмасымыз анық, - деді аудан әкімі.
Қоныс ауылында жобаны іске асыру арқылы 298 тұрғын таза ауыз сумен қамтылды.
2021 жылы басталған құрылыс жұмыстарын мердігер «QazConstructions» ЖШС сәтті аяқтады.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz