23.09.2022, 11:15
Оқылды: 62

Қазақстанда кәсіпкер әйелдер көбейіп келеді

Астанада «ASMAR - бірлік дәстүрлері» әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық конгресі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

220902095318071e

Жиынға қатысқан Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбековтың сөзіне қарағанда, мемлекет әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдау үшін айтарлықтай күш-жігер жұмсап отырғанын атап өтті. Бұл шағын және орта бизнестегі әйелдер үлесінің артуымен расталады (2010 ж. – 26%, 2021 ж. – 43,3%).

«Экономикалық белсенділікті қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Ұлттық жоба шеңберінде қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау халықаралық қаржы институттарының және «Даму» КДҚ» АҚ-ның түрлі бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады», - деп хабарлады ол.

2021 жылы сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралы бойынша кәсіпкер әйелдердің шамамен 10 мың жобасы қолдау тапты, кредиттерге кепілдік беру құралы бойынша 7 мың жоба қолдау тапты. Өткен жылы ақпараттық-қамтамасыз ету бойынша әйелдерге 84 мыңға жуық консультация, ал сервистік қолдау бойынша 17 мыңнан астам консультация көрсетілді.

Сондай-ақ бүгінде әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың 17 орталығы жұмыс істейді. Мақсаты - әйелдердің экономикалық белсенділігін ынталандыру. Келесі жылы жаңадан құрылған өңірлерде орталықтар ашу жоспарлануда (Абай, Ұлытау, Жетісу).

«Бүгінгі күнге дейін орталықтарда 7 мыңнан астам әйелге қызмет көрсетілді. Олардың 30%-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады», - деп мәлімдеді вице-министр.

ҚР ҰЭМ Еуропалық Қайта Құру және даму банкімен бірлесіп кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету, сондай-ақ қаржылық қолдау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамытудың бәсекеге қабілеттілігі мен әлеуетін арттыруға бағытталған «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасын іске асыруда.

Сонымен қатар еліміздің аймақтарында «Бір ауыл – бір өнім» пилоттық жобасы енгізілді.

«Біз кәсіпкер әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту тұтастай алғанда елдің инклюзивті, өмірге қабілетті және орнықты экономикасының мақсаттарына қол жеткізуге ықпал ететініне сенімдіміз», - деп түйіндеді Омарбеков.

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале