Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының спорт шебері Артур Халықовты еске алуға арналған дзюдо күресінен 2010-2011 жылғы және 2013-2014 жылғы жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, Артур Есқайырұлының анасы Тәттім Халықова мен жұбайы, “Сырым ауданының құрметті азаматы” Құсайын Бақтияр, самбо күресінен танымал жаттықтырушы Санат Берсебаев пен бірқатар спорт ардагерлері қатысып, А.Халықовтың достары атынан Арман Ғұмаров жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Анасы Т. Халықова “Артур ағаларыңдай абыройлы азамат болыңдар!” деп тілек білдіріп, турнирді ұйымдастыруға мұрындық болған барша азаматтарға, ұлының достарына отбасының атынан аналық алғысын білдірді.
-Артур елгезек бала болатын. Үйге берілген жаттығуды артығымен орындап, келесіде өтетін күрестің әдіс-тәсілдеріне алдын ала дайындалатын еңбекқор жан еді. Ол азаматтығымен, қарапайым болмысымен, жеңіске жетуге деген құлшынысымен көп достарына үлгі бола білді,- деп еске алды жаттықтырушысы Санат Дәленұлы.
Одан бөлек, Қазақстан дзюдо президентінің алғысхатымен Санат Берсебаев, Асылбек Сисенбаев марапатталса, Құсайын Бақтияр, Ержан Чукуров, Мәулет Қожахметов, Арман Ахметқалиев, Аманжол Насипуллин облыстық дзюдо федерациясы президентінің алғыс хатына ие болды.
Сырым аудандық А.Ғұбайдуллин атындағы дәстүрлі ән сыныбының шәкірттері Нұрым Амангелді мен А.Халықовтың ұлы Арнұр Есқайыр “Қазақ осы” әнін орындап жас палуандарға рух берді.
Сырым ауданынан бөлек, 12 команда қатысқан тартысты бәсекеде 400-ге жуық жас палуандар белдесті.
2010-2011 жылғы жасөспірімдер
26, 30, 34, 38, 42, 46, 50, 55, +55 келі салмақ дәрежесі бойынша, 2013-2014 жылдары туған палуандар 20, 22, 24, 26, 30, 34 келі салмақ дәрежелері бойынша өзара бақ сынасты.
Жеңімпаздарға Артур Есқайырұлының достарының демеушілігімен қаржылай сыйлықтар, диплом және медальдар табыс етілді.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы